
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Азия даму банкінің вице-президенті Фатима Ясминмен кездесу өткізді.
Кездесуді аша отырып, Әсет Ерғалиев Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістер реформаларды одан әрі ілгерілетуге және халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Келіссөздер барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылап, көлік, әлеуметтік және қаржы салаларындағы бастамаларға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, Сарыағаш қаласының айналма автомобиль жолын салу жобасын іске асыру, сондай-ақ Отбасы банк жүйесі арқылы инклюзивті және экологиялық қағидаттарға негізделген тұрғын үйді қаржыландыру мәселелері қаралды.Сондай-ақ Satbayev University студенттік жатақханаларын салуды қоса алғанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын одан әрі дамыту жөніндегі одан арғы қадамдар талқыланды.
Сонымен қатар, мемлекеттік статистика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Азия даму банкінің өкілдері Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен ынтымақтастық АДБ үшін осы салада бірлесіп қаржыландырылатын техникалық көмек шеңберінде сараптамалық қолдау көрсетудің алғашқы тәжірибесі болғанын атап өтті.
Әсет Ерғалиев Агенттіктің Азия даму банкімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.