СЖРА мен Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады

СЖРА мен Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Электрондық қаржы орталығына барып, мемлекеттік қаржыны цифрландыру саласында іске асырылып жатқан және перспективалық жобалармен танысты.

Электрондық қаржы орталығы бюджеттік үдерістерді жетілдіруге, мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтар мен бизнес үшін заманауи сервистер қалыптастыруға бағытталған Қаржы министрлігінің цифрлық шешімдерін дамыту жұмыстарын үйлестіреді.

Кездесу барысында салықтық және кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу, бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік аудит, мемлекеттік мүлікті басқару және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну салаларындағы цифрландыру жобалары таныстырылды. Сондай-ақ үлкен деректер (Big Data) мен жасанды интеллект технологияларын қолдануға ерекше назар аударылды.

Негізгі бағыттардың бірі - деректер мен ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыру мәселесі қаралды. Мұндай тәсіл ақпаратты талдау сапасын арттыруға, үдерістердің қайталануын азайтуға және мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Азаматтар үшін бұл қолайлы цифрлық сервистердің одан әрі дамуын, бюрократиялық рәсімдердің қысқаруын және бюджет қаражатының пайдаланылу ашықтығының артуын білдіреді. Бизнес үшін - әкімшілік жүктеменің төмендеуін, мемлекеттік органдармен электрондық өзара
іс-қимылдың кеңеюін және кәсіпкерлікті қолдау сервистерінің жетілдірілуін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ цифрлық ҚҚС-ты дамыту, бюджетті онлайн-мониторингтеу және кәсіпкерлікті қолдаудың цифрлық құралдарын енгізу жобалары таныстырылды. Аталған бастамаларды іске асыру қаржы жүйесін одан әрі цифрлық трансформациялау шеңберінде жалғасуда.

Кездесу қорытындысы бойынша СЖРА мен Қаржы министрлігінің өзара іс-қимылының алдағы бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, Ұлттық статистика бюросы мен Электрондық қаржы орталығының ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстары атап өтілді. Бұл деректер алмасуды жеделдетуге, ақпарат сапасын арттыруға және мәліметтерді қолмен өңдеу көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.