Қазақстанда бизнесті қолдау және инвестициялар тартудың жаңа құралдары талқыланды

Қазақстанда бизнесті қолдау және инвестициялар тартудың жаңа құралдары талқыланды

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне арналған бұған дейінгі талқылаудың жалғасы ретінде Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) өкілдерінің қатысуымен екінші дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында бизнесті қаржыландырудың заманауи тетіктерін дамыту, кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту және инвестициялық белсенділікті ынталандыру мәселелері қаралды.

Іс-шара СЖРА Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың төрағалығымен өтті. Дүниежүзілік банк пен IFC өкілдері кредиттерге кепілдік беру құралдарын жетілдіруге, үлестік қаржыландыруды дамытуға және кәсіпкерлер үшін заманауи қаржылық шешімдерді енгізуге бағытталған FINGROW бастамасын таныстырды. Талқылауға Ұлттық экономика министрлігінің, Ұлттық Банктің, «Бәйтерек» холдингінің, «Даму» қорының, Аграрлық несие корпорациясының және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әділ Құсманов соңғы 10 жыл ішінде шағын және орта бизнестің (ШОБ) жалпы ішкі өнімдегі үлесі 24,9%-дан 40,5%-ға дейін артқанын атап өтті. Оның айтуынша, іскерлік белсенділіктің өсуіне және жеке инвестициялардың тартылуына ықпал ететін кәсіпкерлікті қолдау шараларын одан әрі жетілдіру маңызды. Сонымен қатар, ол бизнесті мемлекеттік қолдаудың тікелей шараларынан кепілдік беру және сақтандыру сияқты жанама шараларға көшу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты 2025 жылы «Даму» қорының базасында ШОБ пен ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды.

Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев шағын және орта бизнестің тұрақты экономикалық өсім үшін маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлікті қолдаудың заманауи қаржылық құралдарын дамыту жөніндегі Дүниежүзілік банктің тәсілдерін таныстырды. Әсіресе, ішінара кредиттік кепілдік беру тетіктерін дамытуға, үлестік және венчурлік қаржыландыруды кеңейтуге, сондай-ақ экономиканың дамуына жеке капиталдың неғұрлым белсенді қатысуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесін трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның айтуынша, реформалардың негізгі бағыттарының бірі – тәуекелдерді бөлу тетіктерін дамыту. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және сонымен қатар бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қатысушылар сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан компанияларды қолдау, қаржылық қызметтерді цифрландыру және кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған шараларды талқылады. Қаржылық инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық қызметті ынталандыратын қосымша тетіктерді қалыптастыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Белсенді пікірталас барысында қатысушылар ұсынылған бастамалар мен оларды Қазақстанда іске асыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері талқыланған тәсілдердің басым бөлігі қазіргі уақытта іске асырылып жатқан реформалар аясында көрініс тауып отырғанын немесе пысықталу сатысында екенін атап өтті. Атап айтқанда, кредиттік кепілдіктер жүйесін жетілдіру, жеке капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейту және қаржы нарығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.