СЖРА-да тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және Қазақстандағы ипотекалық нарықты дамыту жолдары талқыланды

СЖРА-да тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және Қазақстандағы ипотекалық нарықты дамыту жолдары талқыланды

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде (СЖРА) Дүниежүзілік банк тобы дайындаған тұрғын үй ипотекалық кредиттеу нарығын зерттеу нәтижелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара СЖРА Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың төрағалығымен өтті. Оған Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, Ұлттық экономика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» холдингі, «Отбасы банк» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Әділ Құсманов азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытумен қатар, жеке секторды тарта отырып, тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру айрықша мәнге ие болып отыр.

Дөңгелек үстел ипотекалық нарықты одан әрі дамыту тәсілдерін талқылауға және халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге арналған алаңға айналды.

Дүниежүзілік банк зерттеуінің деректеріне сәйкес, соңғы он жылда Қазақстанның тұрғын үйді қаржыландыру нарығы айтарлықтай өсім көрсетті. Ипотекалық портфель көлемі жеті еседен астам ұлғайып, елімізде жыл сайын шамамен 130 мың ипотекалық несие беріледі. Сарапшылар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің азаматтардың жеке баспаналы болу мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды рөлін де атап өтті.

Дүниежүзілік банктің бас экономисі Мартин Мелеки және IFC-тің қаржы секторы бойынша аға маманы Екатерина Левитанская секторды одан әрі дамытудың жоғары әлеуетін атап өтті. Олардың пікірінше, бұған қаржы нарығын цифрландырудың жоғары деңгейі, дамыған инфрақұрылым және сала қатысушыларының жинақталған тәжірибесі ықпал етеді. Басым міндеттердің қатарында қолдау шараларының тиімділігін арттыру және жеке капиталдың қатысуын кеңейту аталды.

Талқылау барысында қатысушылар қолданыстағы бағдарламаларды одан әрі жетілдіру, ипотекалық қайта қаржыландыру құралдарын дамыту және капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банк ұсынған тұжырымдар мен ұсынымдар ипотекалық нарықты дамыту тәсілдерін одан әрі жетілдіруге, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанның тұрғын үй секторына қосымша инвестициялар тартуға ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді.