
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиевтің Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қаржы нарығы және капитал департаментінің директоры Алекс Пивоварский бастаған өкілдерімен кездесуі өтті.
ЕҚДБ халықаралық қаржы институттарының ішіндегі негізгі серіктестердің бірі әрі Қазақстанның экономикалық және институционалдық реформаларын ілгерілетудегі стратегиялық әріптесі болып табылады. Банк Қазақстанмен 1992 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді және инфрақұрылым, энергетика, көлік, кәсіпкерлікті қолдау, тұрақты қаржыландыру және қаржы нарығын дамыту салаларындағы жобаларды іске асыруға қатысып келеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, оның ішінде қаржы нарығын дамыту, инвестициялық ахуалды жетілдіру және экономикалық өсудің теңгерімді моделін қалыптастыру тәсілдерін талқылады.
Кездесуді аша отырып, Әсет Ерғалиев:
«Негізгі міндет - тек экономикалық өсім қарқынын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар экономиканың сапасын өзгерту, оның күрделілігін, бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру. Бұл институционалдық реформаларды, адами капиталды дамытуды, заманауи қаржы құралдарын енгізуді және неғұрлым тиімді реттеуші ортаны қатар дамытуды талап етеді», – деп атап өтті.
Кездесу барысында экономиканы ырықтандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тараптар мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту, бәсекелестікті дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнес пен инвесторлар үшін неғұрлым болжамды әрі қолайлы орта қалыптастыру шараларын талқылады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту және инфрақұрылымдық әрі инвестициялық жобаларды іске асыруға бизнестің қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды.
«Қазақстан экономикалық реформаларды іске асыру мен қаржы секторын дамытуда дәйекті тәсіл қалыптастырып келеді. Бұл елдің ұзақ мерзімді өсімі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін маңызды негіз қалыптастырады», – деп атап өтті Алекс Пивоварский.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономикалық реформаларды қолдау, қаржы секторын дамыту және Қазақстан экономикасының орнықтылығын арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілік танытты.