
Мемлекет басшысының өкімімен Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әділ Миратұлы Құсманов Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Әділ Құсманов 1994 жылғы 25 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Назарбаев Университетін «Математика» мамандығы бойынша экономика бағытын тереңдете оқыту бағдарламасымен тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Оксфорд университетінде математикалық модельдеу және ғылыми есептеулер мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Макроэкономика, мемлекеттік басқару, көшбасшылық, экономикалық даму және адами капиталды дамыту салалары бойынша халықаралық көшбасшылық бағдарламаларынан өткен.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығында консультант, басшының орынбасары және сараптамалық-талдау тобының жетекшісі қызметтерін атқарған.
2023–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылғы қараша айынан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы болды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сарапшылар клубының құрамына кіреді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.