Қазақстан мен Дүниежүзілік банк инвестициялық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа моделін қалыптастыру мәселесін талқылады

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк инвестициялық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа моделін қалыптастыру мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасы Үкіметінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Жаңа инвестициялық циклді қаржыландыру: Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту» тақырыбындағы «brainstorming» форматындағы сессияға қатысты. Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобының, Халықаралық қаржы корпорациясының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Талқылаудың негізгі өзегінде жаңа инвестициялық циклді іске қосу, экономиканың тиімділігін арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін жетілдіру мәселелері болды. Еңбек өнімділігін арттыру, бәсекелестікті дамыту, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобаларға жеке капиталдың қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Талқылау барысында экономиканың тиімділігін арттыру және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру арқылы инвестициялардың тұрақты өсімін қамтамасыз еткен халықаралық тәжірибелер қарастырылды. Дүниежүзілік банк сарапшылары көлік және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, инфрақұрылымдық қорларды қалыптастыру және заманауи қаржыландыру тетіктерін енгізу бойынша тәсілдерді таныстырды.

Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асыруға және инфрақұрылымдық жобаларға жеке сектордың қатысуын кеңейтуге жағдай жасау шараларына ерекше назар аударылды.

Инфрақұрылымды дамыту және МЖӘ мәселелері бойынша Дүниежүзілік банк сарапшыларының ұсынымдарын талқылау барысында Әсет Ерғалиев үздік халықаралық тәжірибелерді белсенді түрде енгізудің және халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралдары ең алдымен мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін, әсіресе заманауи инфрақұрылымды дамыту саласында пайдаланылуы тиіс. Бұл жұмыста үздік халықаралық тәжірибелерді белсенді түрде енгізу, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының сараптамасы мен құзыреттерін пайдалану маңызды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі МЖӘ тетіктерін жетілдіру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша халықаралық серіктестермен одан әрі белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын», — деді Әсет Ерғалиев.

Орталық Азия өңірі бойынша Дүниежүзілік банктің директоры Наджи Бенхассин Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін институционалдық және инфрақұрылымдық реформаларды дәйекті түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.

«Бүгінгі пікірталас Қазақстан Үкіметінде экономикалық реформалар мен инфрақұрылымдық дамуды одан әрі ілгерілету бойынша нақты көзқарас қалыптасқанын көрсетті. Халықаралық тәжірибе тұрақты нәтижелерге күшті институттар, іске асырудың ашық тетіктері және жеке сектордың белсенді қатысуы арқылы қол жеткізілетінін дәлелдейді. Жеке инвестицияларды кеңейту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші маңызға ие. Біз бірлескен реформалар мен инвестициялық бастамаларды іске асыру аясында Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», — деді Наджи Бенхассин.

Өткізілген сессия жаңа инвестициялық циклді іске қосу бойынша шешімдер әзірлеу үшін Дүниежүзілік банктің халықаралық сараптамасы мен қазақстандық мемлекеттік органдардың тәжірибесін біріктіруге мүмкіндік берді. Талқыланған тәсілдер экономиканың тиімділігін арттыруға, жеке сектордың қатысуын кеңейтуге, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстанның орнықты экономикалық өсуі үшін ұзақ мерзімді жағдайлар қалыптастыруға бағытталған.