Қазақстан Солтүстік Македонияда өткен Өңірлік министрлік конференциясында демографиялық тұрақтылыққа қатысты тәсілдерін ұсынды

Қазақстан Солтүстік Македонияда өткен Өңірлік министрлік конференциясында демографиялық тұрақтылыққа қатысты тәсілдерін ұсынды

Скопье қаласында (Солтүстік Македония) Солтүстік Македония Үкіметі мен БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қоры ұйымдастыруымен, Премьер-министр Христиан Мицкоскидің қолдауымен «Leading Change: People-Centered Paths to Demographic Resilience» атты демографиялық тұрақтылық жөніндегі Өңірлік министрлік конференциясы өтті.

Конференция Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі демографиялық өзгерістерді, еңбек нарығын дамыту, көші-қон саясаты, әлеуметтік қорғау және орнықты адами капитал мәселелерін талқылауға арналған жоғары деңгейдегі алаңға айналды.

Іс-шара аясында Қазақстан БҰҰХҚ мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) ұйымдастырған «Supporting People in Transition: Labour Market, Social Protection, Migration & Diaspora Policies» атты министрлік панельдік сессияда сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева азаматтарды өмірдің барлық кезеңдерінде қолдауға бағытталған кешенді демографиялық және әлеуметтік саясатты іске асырудағы ұлттық тәжірибе туралы баяндама жасады.

Баяндама барысында Қазақстанның демографиялық даму мен әлеуметтік тұрақтылық салаларындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары таныстырылды.

Атап айтқанда, Әлеуметтік кодексті іске асыру, жұмыспен қамтуды дамыту және жастарды қолдау шаралары, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамыту, көші-қон саясатын жетілдіру, сондай-ақ деректерге негізделген шешімдер қабылдау үшін демографиялық болжау мен талдау жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Конференция қатысушылары әлеуметтік қорғау жүйелерін жаңғырту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, көші-қонды басқару және еңбек нарығын демографиялық өзгерістерге бейімдеу мәселелеріне де ерекше назар аударды.

Қазақстанның конференцияға қатысуы БҰҰХҚ, ЕҚДБ және өңірлік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ демографиялық тұрақтылық пен инклюзивті әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы үздік халықаралық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік берді.