
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын кедергілерді жою және шетелдік капитал тарту жұмысын күшейту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі –Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы
Әсет Ерғалиев бизнес пен инвесторлар үшін жүйелі әкімшілік кедергілерді анықтау және жою тәсілдерін ұсынды.
Агенттік жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, заңнаманы қайта қарау және реттеу рәсімдерін талдау жұмыстарын жүргізіп жатқаны атап өтілді. Бұл жұмыс артық және қайталанатын талаптарды, өтініштерді қарау мерзімдерінің ұзартылуын, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кезіндегі мемлекеттік органдар іс-қимылдарының үйлеспеушілігін анықтауға бағытталған.
Кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайлары мен инвестициялық белсенділікке теріс әсер ететін жүйелі шектеулерді айқындау үшін құқық қолдану тәжірибесі мен бизнес өтініштерін талдауға ерекше назар аударылады.
Жүргізіліп жатқан талдау негізінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, процестерді цифрландыру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыру бойынша ұсыныстар қалыптастырылуда.
Кеңес барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін жеделдету және инвестициялық қызметті қолдаудың цифрлық құралдарын дамыту мәселелері де қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, әкімшілік кедергілерді төмендету және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.