
Астана, 2026 жылғы 23 сәуір - «Ортақ Атамекен: Өңірден басталған өрлеу» форумы аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова ҚР СЖРА әзірлеген Регуляторлық интеллект платформасын таныстырды.
Платформа Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырманы орындау мақсатында әзірленіп, бизнестің жұмыс істеуі мен дамуын жеңілдететін түсінікті, ашық әрі заманауи реттеуші ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Оның негізінде бизнестің өмірлік циклі - тіркеуден бастап таратылуына дейінгі кезең тұрғысынан реттеуді талдайтын Regulatory AI жүйесі жұмыс істейді. Мұндай тәсіл нақты кедергілер мен артық реттеу тұстарын анықтауға мүмкіндік берді.
«Жүйені әзірлеуге кіріспес бұрын біз реттеуді мемлекеттің емес, бизнестің көзімен қарадық. Бұл талаптардың тәжірибеге сәйкес келмейтін тұстарын және кәсіпкерлер үшін артық рәсімдер мен шығындар тудыратын мәселелерді көруге мүмкіндік берді. Біздің міндетіміз - реттеу түсінікті, негізделген және іс жүзінде тиімді жұмыс істейтін жүйе құру», — деп атап өтті Айгүл Шаимова.
Жүйе бизнестің өмірлік циклін талдай отырып, артық, қайталанатын және ескірген талаптарды анықтауға мүмкіндік береді. Осы негізде заңнаманы оңтайландыру және реттеуші жүктемені азайту бойынша ұсыныстар қалыптастырылады.
Жүйе үш негізгі модульден тұрады: бизнестің өмірлік жағдайларын талдау арқылы қолданыстағы реттеуді түгендеу, жаңа талаптарды енгізгенге дейін олардың қажеттілігі мен әсерін бағалау, сондай-ақ қолданыстағы нормалардың өзектілігін тұрақты түрде автоматты аудиттен өткізу.
Бұл тәсіл қазірдің өзінде тәжірибеде нақты нәтижелер беруде
ҚР СЖРА бірқатар салаларға, соның ішінде экологиялық реттеу мен инвестициялық жобалар үшін жер учаскелерін беру процестеріне талдау жүргізді. Нәтижесінде цифрландыру есебінен мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін едәуір қысқарту мүмкіндіктері анықталды.
Айта кету қажет, тек заңнамалық актілер ғана емес, сондай-ақ сот актілері мен бизнес субъектілерінің өтініштері де олардың дамуына кедергі келтіретін нормаларды анықтау мақсатында зерттелуде. Мұндай кешенді тәсіл заңнаманы бизнес қажеттіліктеріне сәйкес сапалы жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Регуляторлық интеллект платформасын құру мемлекеттік реттеудің жаңа моделіне көшуді білдіреді.
Бизнес үшін бұл әкімшілік кедергілердің азаюын, рәсімдердің жылдам әрі түсінікті болуын, сондай-ақ жұмыс жағдайларының болжамдылығын білдіреді.
Ал экономика үшін инвестициялық тартымдылықтың артуы және іскерлік белсенділіктің ынталандырылуы.
Ұзақ мерзімді перспективада ҚР СЖРА шешімдер деректерге, талдауға және олардың бизнестің дамуына нақты әсеріне негізделетін заманауи реттеу жүйесінің негізін қалыптастырады.