Үкіметтің үйлестіру кеңесінің отырысында халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Үкіметтің үйлестіру кеңесінің отырысында халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі және басқа да халықаралық даму институттарының өкілдері қатысты.

Отырыста инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, адами капиталды дамыту және инновацияларды енгізу бастамалары қаралды.

Қазақстан жаңа даму кезеңіне кіріп отырғаны, оның негізгі бағыты  тұрақты экономикалық өсу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екені атап өтілді. Құқықтық базаны жетілдіру инвестициялық тартымдылықты арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырады.

2026–2028 жылдарға арналған Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Қабылданған шаралар инфляциялық процестердің баяулауына ықпал етіп отырғаны атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – СЖРА төрағасы Әсет Ерғалиев мемлекеттің үлесін төмендету және нақты экономиканы несиелеудегі банк секторының рөлін күшейту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік капитал мен жеке капитал арасындағы бәсекелестікті болдырмауға мүмкіндік береді. Азық-түлік инфляциясының деңгейін төмендету мәселесіне қатысты сауда нарықтарының тиімділігін одан әрі арттыруға, көтерме-тарату орталықтарының инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және басқа да бағыттарға назар аударылды.

Сондай-ақ, Халықаралық қайта құру және даму банкі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан институционалдық даму жобасы қаралды, ол адами капиталды, кәсіпкерлікті және жасанды интеллект саласындағы нарықтарды дамытуға бағытталған.

Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту маңызды екенін атап өтті. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және ЖИ жылы деп жарияланды.

«Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі. 2026 жыл елімізде Цифрландыру жылы деп жарияланды, атап айтқанда, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық сервистерден интеллектуалды мемлекеттік платформаларға көшу және экономиканың барлық секторында деректерге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізуге басымдық берілуде. Біз бұл бағытта озық қарқынмен ілгерілеуіміз керек», - деп атап өткен Олжас Бектенов ХҚҰ өкілдерін ЖИ саласындағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Жиында Үйлестіру кеңесінің құрамын кеңейту, соның ішінде Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын қосу қолдау тапты. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап Үйлестіру кеңес шешімдері барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін міндетті  түрде орындалуға жатады.

Отырыстың қорытындысы бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту арқылы құрылымдық реформаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды модернизациялау және озық тәжірибелерді енгізу маңызды екені атап өтілді.