СЖРА мен Халықаралық қаржы корпорациясы инфрақұрылымды дамыту және экономиканың жеке секторын кеңейту мәселелерін талқылады

СЖРА мен Халықаралық қаржы корпорациясы инфрақұрылымды дамыту және экономиканың жеке секторын кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Агенттікте Халықаралық қаржы корпорациясы делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша өңірлік директор Лиза Кестнер бастап келді.

Бұл сапар Лиза Кестнердің 2026 жылғы 1 наурызда қызметіне кіріскеннен кейін Қазақстанға жасаған алғашқы сапары болды. Сапар барысында ол негізгі мемлекеттік серіктестермен танысып, алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Тараптар Дүниежүзілік банк тобы мен 2026–2031 жылдарға арналған жаңа Серіктестік жөніндегі негіздемелік стратегияны әзірлеу мәселесін қарастырды. Құжат инфрақұрылымды дамыту және жеке секторды қолдау бағытындағы ынтымақтастықтың басымдықтарын айқындайды.

Лиза Кестнер: «Қазір Қазақстанда жеке сектордың белсенділігін арттыруға жаңа серпін қалыптасып келеді. Әсіресе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы. Біз бірлесіп көптеген қызықты жобаларды жүзеге асырамыз деп сенеміз», – деп атап өтті.

Өз кезегінде Әсет Ерғалиев: «Біздің стратегиялық міндеттеріміздің бірі - экономикаға инвестиция тарту. Ол үшін инвестициялардың негізгі көзі ретінде жеке сектордың белсенді дамуына қолайлы жағдай жасау маңызды», – деді.

Кездесу барысында кәсіпкерлік пен қаржы секторындағы реформалар, жеке инвесторлардың қатысуымен инфрақұрылымдық жобаларды қалыптастыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар экономиканы цифрлық трансформациялау мәселесіне назар аударылды. Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында айтарлықтай әлеуеті бар екені атап өтілді.

Бұдан бөлек, елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, соның ішінде фермерлік шаруашылықтардың кооперациясын кеңейту мәселелері қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жеке сектордың қатысуымен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.