
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев Ислам даму банкінің өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар және Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы бес жылдық әріптестік стратегиясын (Member Country Partnership Strategy, MCPS) әзірлеу мәселелері талқыланды.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Автожолдарды жаңарту, айналма жолдар салу және бірқатар жол учаскелері бойынша жобалық құжаттаманы дайындау бастамалары қаралды.
Сондай-ақ су секторындағы жобалар талқыланды. Олар су ресурстарын тиімді басқаруды дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, су қоймалары мен гидротехникалық нысандарды салу және жаңғырту, ирригациялық каналдарды жаңарту, сондай-ақ су ресурстарын бақылау мен басқарудың заманауи жүйелерін енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытуға қатысты жобалар қаралды. Бұл жобалар өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамыту және ұсынылған жобаларды пысықтау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.