
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өтіп, ішкі кірістерді жұмылдыру (Domestic Revenue Mobilization, DRM) жөніндегі өңірлік грант мәселесі талқыланды.
Кездесуге ҚР СЖРА Төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев және Дүниежүзілік банктің мемлекеттік секторды басқару жөніндегі жетекші маманы Ян Лёприк басқарған делегация қатысты.
Дүниежүзілік банктің бұл бастамасы елдерге салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, аналитикалық құралдарды дамытуға және мемлекеттік экономикалық саясатты қалыптастыруда деректерді кеңінен пайдалануға қолдау көрсетуге бағытталған.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік кірістер органдарының жұмысында деректер мен аналитикалық құралдарды пайдалану бойынша халықаралық тәжірибені талқылады. Атап айтқанда, салықтық тәуекелдерді басқару жүйелерін дамыту, салық жүктемесін талдау әдістерін жетілдіру және талдау сапасын арттыру үшін әртүрлі дереккөздерді пайдалану мәселелері қарастырылды.
«Біз үшін салық саясаты саласындағы шешімдердің сапалы деректер мен заманауи талдауға негізделуі маңызды. Бұл экономикалық үдерістерді дәлірек бағалауға және қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР СЖРА Төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев.
Сондай-ақ кездесуде салықтық әкімшілендіруде цифрлық шешімдерді дамыту, көлденең мониторинг тетіктерін кеңейту, процестерді автоматтандыру және цифрлық сервистерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстанның мемлекеттік кірістер жүйесінде жинақталған деректер көлемі өте үлкен және оны әлдеқайда кең пайдалануға болады. Заманауи аналитикалық құралдар, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары, бұл деректерді тиімді талдауға және салықтық тәуекелдерді басқару жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ян Лёприк.
Сонымен қатар тараптар платформалық экономиканы реттеудің халықаралық тәсілдерін, салықтық жеңілдіктердің ашықтығын қамтамасыз ету және олардың тиімділігін бағалау әдістерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық тәжірибемен алмасудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның аталған бастамаға қатысу мүмкіндігін әрі қарай пысықтау бойынша өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.