
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Дүниежүзілік банк өкілі Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша Басқару жөніндегі жаһандық практиканың жетекшісі Адриан Фоззардпен кездесу өткізді.
Тараптар мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар мен алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Әсет Ерғалиев жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, институционалдық орнықтылықты күшейтуге және стратегиялық жоспарлаудың заманауи құралдарын енгізуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің сараптамалық қолдауы қойылған міндеттерді жүйелі түрде іске асыруға және озық халықаралық тәжірибені енгізуге ықпал етеді.
Кездесуде 2025 жылы аяқталған мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне жүргізілген кешенді бағалау нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан аудит және қадағалау тетіктерін дамытуда, сондай-ақ цифрлық шешімдер мен деректерді талдау құралдарын енгізуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өңірлік салыстыруда елдің мемлекеттік қаржы жүйесі бүгінде жоғары деңгейде. Сонымен қатар, алдағы кезеңде мемлекеттік инвестицияларды басқаруды дамытуға және стратегиялық жоспарлауды бюджеттік процесспен интеграциялауды күшейтуге назар аудару маңызды», - деді Адриан Фоззард.
Кездесу барысында салық саясаты мен әкімшілендіруді дамыту бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік басқару тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру және конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.