СЖРА-ның басшысы Әсет Ерғалиев Дүниежүзілік банктің өкілдерімен Қазақстанның көлік секторын стратегиялық дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді

СЖРА-ның басшысы Әсет Ерғалиев Дүниежүзілік банктің өкілдерімен Қазақстанның көлік секторын стратегиялық дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Дүниежүзілік банктің өкілдерімен кездесу өтті, оған көлік саласы бойынша жаһандық практика жетекшісі Шомик Радж Мендиратта басшылық жасады. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның көлік секторын оның аумақтық ерекшеліктері мен географиялық орналасуын ескере отырып кешенді дамыту мәселелерін талқылады.

Жол инфрақұрылымының сапасын сақтау және тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, жол желісін басқарудың ұзақ мерзімді моделін әзірлеу мәселелері қаралды. Әсет Ерғалиев жолдардың жай-күйін мониторингтеу және келісімшарттардың орындалуын бақылау үшін цифрландырудың маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көлік инфрақұрылымын басқарудың ашықтығын арттырып, тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Қалалық көлік жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды. Қоғамдық көлік, рельстік және автобус желілері, велосипед және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы арасындағы ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ қауіпсіз әрі климаттық тұрғыдан қолайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Тараптар жеке автокөлік санының өсуін ескере отырып, қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандырудың маңыздылығын атап өтті. Қалалық ортаны трансформациялаудың табысты үлгісі ретінде көлік жүйесін адамға бағдарланған етуге мүмкіндік берген озық урбанистикалық тәжірибе талқыланды.

Сондай-ақ өңірлік және ауылдық жолдарға қойылатын стандарттар мәселесі қозғалды. Бұл бағытта жүйелі жоспарлау мен ресурстарды тиімді бөлу ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Халықаралық озық тәжірибе көптеген нысандарды іске асыру жағдайында жобалардың сапасын арттыруға және орындалуын тиімді бақылауға болатынын көрсетеді.

Кездесу қорытындысы бойынша СЖРА мен Дүниежүзілік банк инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, цифрлық құралдарды енгізу және бірлескен зерттеулер жүргізу арқылы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады. Бұл шаралар өңірлердің өзара байланысын күшейтіп, тиімді қалалық мобильділікті қамтамасыз ететін әрі жоғары сапалы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған заманауи, ашық және тұрақты көлік жүйесін дамытуға ықпал етеді.