ҚР СЖРА мен Дүниежүзілік банкі халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын тарту рәсімдерін жетілдіру мәселелерін талқылады

ҚР СЖРА мен Дүниежүзілік банкі халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын тарту рәсімдерін жетілдіру мәселелерін талқылады

2026 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде ҚР Президентінің кеңесшісі – СЖРА төрағасы Әсет Ерғалиевтің төрағалығымен Дүниежүзілік банктің өкілдерімен кеңес өтті.


Дүниежүзілік банк атынан кездесуге Қазақстан мен Түрікменстандағы Дүниежүзілік банктің Тұрақты өкілі Андрей Михнев, халықаралық сарапшы Андрий Паляница және операциялық аналитик Айсулу Майлыбаева қатысты.

Кеңес барысында халықаралық қаржы ұйымдары қаржыландыратын жобалар бойынша үкіметтік қарыздарды тарту және мемлекеттік кепілдіктер беру үдерістерін оңтайландыру мәселелері қаралды. Жобаларды әзірлеу, келісу және бекіту рәсімдерін жетілдіру, қарау мерзімдерін қысқарту, техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындау сапасын арттыру, сондай-ақ жобаларды басқарудың заманауи құралдары мен цифрлық мониторингті енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Процедуралардың ашықтығы мен болжамдылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, келіспеушіліктерді бастапқы кезеңдерде реттеу және мерзімдерді сақтау мен құжаттарды дайындау сапасы үшін дербес жауапкершілік тетіктерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыруға және Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру және стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі өзара мүдделілік расталды.