
2025 жыл Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі үшін институционалдық тұрғыдан нығаю, негізгі реформаларды белсенді аналитикалық сүйемелдеу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту кезеңі болды. Жыл бойы Агенттік мемлекеттік жоспарлау сапасын арттыруға, ұлттық статистиканы дамытуға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған сараптамалық базаны қалыптастыруға басымдық берді.
Институционалдық өзгерістер және өкілеттіктердің кеңеюі
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 және 25 желтоқсандағы Жарлықтарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің функциялары мен өкілеттіктері кеңейтілді.
Атап айтқанда, Агенттіктің реттеуші саясатты жетілдіруге қатысу және демографиялық өзгерістерді зерделеу бағытындағы міндеттері кеңейтілді. Бұл қоғамды уақытылы ақпараттандыруға және салаларды реформалау бойынша жүйелі шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентіне стратегиялық жоспарлау, реттеуші саясат, мемлекеттік статистика және әлеуметтік-экономикалық реформалар салаларында ұсыныстар енгізу, отандық және шетелдік сарапшыларды тарту, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдалану жөніндегі өкілеттіктер нақтыланды.
Агенттіктің функциялары реттеуші әсерді бағалау өкілеттіктерімен толықтырылды. Бұл ретте жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау құралдарын қолдану, әдіснамалық ұсынымдар әзірлеу, реттеуші интеллект платформасын дамыту, бизнес-процестерді реинжинирингтеу және оңтайландыру, сондай-ақ демографиялық процестерді талдау және болжау, оның ішінде демографиялық үрдістер туралы ұлттық баяндаманы жыл сайын әзірлеу көзделген.
Бұдан бөлек, Агенттік статистикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында байланыс желілерінің операторлары мен иелерінен абоненттер туралы иесіздендірілген деректерді алу құқығына ие болды. Сондай-ақ статистикалық әдістемелерді, нысандар мен нұсқаулықтарды әзірлеу және бекіту, ведомстволық және жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулардың әдіснамасын келісу функциялары бекітілді.
Стратегиялық реформаларды аналитикалық сүйемелдеу
2025 жылы Агенттік «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың іске асырылуына мониторинг жүргізді, сондай-ақ 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру жөніндегі Үкімет есебіне қорытынды дайындады. Осы жұмыс аясында мемлекеттік органдарға Ұлттық даму жоспарының негізгі индикаторларын декомпозициялау және оларға қол жеткізу тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар берілді.
Агенттік тұрақты негізде әлеуметтік-экономикалық процестерге кешенді талдау жүргізіп, халықаралық тәжірибені зерделеді және ішкі даму тәуекелдерін бағалады. Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдарға макроэкономикалық тұрақтылық, инфляция, квазимемлекеттік секторды реформалау, еңбек нарығы мен халық табысын дамыту, әлеуметтік шығыстар, зейнетақы жүйесі, энергетика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, мал шаруашылығы, өңірлік даму, көлік-логистикалық инфрақұрылым, туризм және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша ұсыныстар жолданды.
Ұлттық статистиканы дамыту және деректермен жұмыс
Қазақстан Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік көрсеткіштері (SPI-2024) рейтингінде 217 елдің ішінде 44-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда бірден 21 сатыға жоғарылады (2023 жылы – 65-орын).
Есепті жылы шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы құрылымын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін 1,6 млн үй шаруашылығын қамтыған ауқымды ауыл шаруашылығы санағы өткізілді.
Азия даму банкімен бірлесіп, Білім мен тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Қазақстан өңірлерінің инвестициялық тартымдылық индексінің әдіснамасы әзірленуде.
Макроэкономикалық көрсеткіштердің аналитикалық дәлдігін және халықаралық салыстырмалылығын арттыру мақсатында алғаш рет өндіріс әдісі және түпкілікті пайдалану әдісі бойынша тоқсандық жалпы ішкі өнімнің маусымдық түзетілген ресми нәтижелері жаңа бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану арқылы жарияланды.
Статистикалық өндірісті цифрлық трансформациялау және макроэкономикалық көрсеткіштерді қалыптастыру жеделдігін арттыру шеңберінде 2025 жылы «Ұлттық шоттар жүйесінің макрокөрсеткіштерін есептеу үшін деректерді жинауды ішкі автоматтандыру» жобасы іске асырылды. Нәтижесінде деректерді жинау және өңдеу мерзімі 20 күннен 1 сағатқа дейін қысқартылды.
Жиналған әкімшілік деректерге, ведомствоаралық ақпарат алмасуға және жүргізілген аналитикалық талдауға сүйене отырып, 2025 жылы халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын қолдану арқылы бақыланбайтын экономиканы бағалау әдістемесі жаңартылды.
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі жобасын әзірлеу аясында әкімшілік цифрлық деректерді, ұлттық тіркелімдерді заңнамалық деңгейде регламенттеуге, сондай-ақ цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымын құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған түзетулер енгізіліп, Парламентте мақұлданды.
«Байланыс туралы» заңға енгізілген өзгерістер Ұлттық статистика бюросына ресми статистиканы қалыптастыру үшін ұялы байланыс операторларынан мобильді позициялау жөніндегі иесіздендірілген деректерді алу құқығын бекітті.
Есепті жылы инфляцияны есептеу кезінде фискалдық деректер операторларының (ФДО) деректерін пайдалану бойынша эксперименттік есептеулер жүргізілді. Бұл жұмыс дәстүрлі статистикалық тәсілдерді кеңейтуге және жаңғыртуға бағытталды. Транзакциялық деректерді өңдеу әдістері апробациядан өтіп, ФДО деректерін инфляциялық көрсеткіштердің сапасын арттыру үшін пайдаланудың әлеуетін растады және халықаралық сарапшы тарапынан валидациядан өтті.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен байланыс операторының мобильді деректерін апробациялау жүргізіліп, оның нәтижелері туристік ағындар туралы ақпараттың жеделдігін, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етудегі жоғары тиімділігін көрсетті. Машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану арқылы жүргізілген пилоттық бағалау өзіндік ұйымдастырылған сапарларды қоса алғанда, ішкі туризм бойынша анағұрлым толық көрініс алуға мүмкіндік беретінін және дәстүрлі дереккөздермен салыстырғанда статистикалық бағалаулардың едәуір кеңейгенін көрсетті.
Қазақстанда Деректер биржасын құру бойынша жүйелі жұмыс басталды. Шанхай деректер биржасымен әріптестік аясында зерттеулер мен халықаралық тәжірибелерге негізделген аналитикалық құжат әзірленіп, ұсынылды. Онда деректерді алмасу мен монетизациялаудың реттелетін платформасын іске қосу тәсілдері айқындалған. Бұл жоба цифрландыру мен деректер экономикасын дамытудың маңызды элементі ретінде қарастырылуда.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде 15 әкімшілік дереккөзден алынатын деректерді қамтитын 21 дерекқор бойынша деректер сапасына 61 бағалау жүргізілді. Сонымен қатар 18 орталық мемлекеттік органда және 356 жергілікті атқарушы органда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізілді.
Агенттік жанындағы орталықтардың қызметі
Агенттік құрылымында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы, Реттеуші саясат және деректерді талдау департаменті, сондай-ақ Мінез-құлық экономикасын талдау орталығы өз жұмысын бастады.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік базасында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылды. Бүгінгі таңда орталықтың қызмет бағыттары мен тәсілдері айқындалып, демографиялық үдерістерді талдау және болжау, сондай-ақ туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштерінің базалық даму сценарийлерін қамтитын ұлттық деңгейдегі 2050 жылға дейінгі демографиялық болжамдар әдіснамасы әзірленді. Алдағы кезеңде 2060 жылға дейінгі өңірлік демографиялық болжамдарды әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы демографиялық жағдайды бағалауға арналған алғашқы Ұлттық аналитикалық баяндаманы қалыптастыру жоспарлануда.
Білікті кадрларды даярлау және ішкі сараптамалық әлеуетті дамыту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Демография» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын қалыптастыру мәселесі пысықтала бастады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Агенттік құрылымында Реттеуші саясат және деректерді талдау департаменті құрылды. Тиісті Жарлық 2025 жылғы 25 желтоқсанда қабылданды.
Департамент цифрлық құралдарды, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдана отырып, заңнаманы түгендеуді жүргізуге арналған әдіснамалық негіздерді қалыптастырумен айналысатын болады.
Агенттік бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл барысында туындайтын өмірлік жағдайларды зерделеуге басымдық береді. Негізгі мақсат – әкімшілік кедергілерді жою және бизнес шығындарын азайту.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Агенттік жер заңнамасын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклін кешенді талдауды жүзеге асырды. Жүйелі кемшіліктер анықталып, оларды жою үшін тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленді және одан әрі іске асыру үшін Үкіметке жолданды.
Бұл тәсіл қазіргі уақытта нормативтік базаны толық түгендеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген цифрлық құралдардың болмауына байланысты «қолмен» режимде апробациядан өткізілді. Қазіргі таңда тиісті цифрлық платформаны әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы алғанда, Агенттік аталған жұмысқа бизнес-қоғамдастықтың белсенді қатысуын күтеді. Ұсыныстарды қарастыруға және талқылауға дайынбыз. Оларды info@aspire.gov.kz электрондық поштасына жолдауға болады.
Аналитикалық әлеуетті арттыру шеңберінде Агенттік базасында халық, бизнес және өңірлік даму бойынша жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдана отырып зерттеулер жүргізетін Мінез-құлық экономикасын талдау орталығы құрылды.
Орталықтың негізгі міндеттерінің қатарында банктік деректер мен фискалдық чектер негізінде халықтың тұтынушылық мінез-құлық әдеттерін талдау, кәсіпорындардың өмірлік циклін зерттеу арқылы олардың динамикалық бейіндерін қалыптастыру, сондай-ақ өңірлік даму мәселелерін мониторингтеу үшін геоцифрлық экономикалық модель құру көзделген.
Халықаралық ынтымақтастық
Ағымдағы жылы Агенттік басшылығы Вашингтон қаласында өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының Күзгі сессияларына қатысып, олардың аясында халықаралық ұйымдардың, сараптамалық қауымдастықтың және Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер мен келіссөздер өткізді.
Агенттіктің Ұлттық статистика бюросы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына ресми түрде қосылып, осы халықаралық стандартты орындаған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.
Агенттік Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына енгізілді.
Сондай-ақ Астана қаласында ұлттық статистиканың 105 жылдығына орайластырылған статистиканы цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған халықаралық форум өткізілді. Форумға ТМД елдерінің, Азия мен Еуропа мемлекеттерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жыл ішінде Агенттік Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен, Дүниежүзілік банкпен, Азия даму банкімен, БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорымен, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік статистика комитетімен, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-мен, KazAID ұйымымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар Индонезияның Орталық статистика агенттігімен өзара іс-қимыл орнату жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сараптамалық және коммуникациялық қызмет
Халықаралық валюта қорының Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне арналған әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталығымен бірлесіп, Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғалары үшін макроэкономикалық талдау, қаржылық бағдарламалау және экономикалық саясат мәселелеріне арналған елдік семинар өткізілді.
Агенттіктің «Josparlaý» коммуникациялық алаңы іске қосылып, ол жетекші сарапшылармен, бизнес өкілдерімен, ғылыми қауымдастықпен және аналитикалық орталықтармен ашық диалог жүргізуге арналған платформаға айналды. 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму, демография және мал шаруашылығы мәселелері бойынша үш кездесу өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша нақты шаралар пакеті әзірленіп, Үкіметке жолданды.
2026 жылы Агенттік реформаларды ілгерілету және стратегиялық жоспарлауды дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, институционалдық әлеуетті нығайтуға, ресми статистиканың сапасын арттыруға және елдің сапалы дамуы мүддесінде заманауи аналитикалық құралдарды кеңінен қолдануға басымдық береді.