ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде Төраға Әсет Ерғалиевтің Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша Бас директоры Лея Гутиерреспен кездесуі өтті. Келіссөздер барысында тараптар басым реформаларды, жаңа инвестициялық циклді іске қосу мәселелерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін, статистикалық жүйені жетілдіруді, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалардың барысын талқылады.
Әсет Ерғалиев Азия даму банкінің Қазақстан үшін ұзақ жылдар бойы стратегиялық бастамаларды ілгерілетуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосып жатқан, сенімді әрі маңызды серіктесі екендігін атап өтті.
«Біз өзара ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және барлық негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды күшейтуге дайынбыз. Қазақстан мен АДБ ауқымды жұмыс көлемін іске асырды , сонымен бірге біз экономикалық өркендеуге қуатты серпін беретін терең де нәтижелі реформалар бағытын жалғастыруға ниеттіміз. Біздің мақсатымыз – тұрақты өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», – деп атап өтті ол.
Өз кезегінде Лея Гутиеррес Қазақстанның стратегиялық күн тәртібі мен жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, орнықты әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
«АДБ мен Қазақстанды ұзақ және сындарлы ынтымақтастық байланыстырады. Біз жұмысты жалғастыруға және өзара әрекеттестікті кеңейтуге қуаныштымыз. Жақында Агенттік пен АДБ арасында статистика саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл – екіжақты сенімнің жоғарғы деңгейін көрсететін, әрі аймақ елдері үшін үлгі бола алатын маңызды қадам», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ортақ жобалар мен басымдықтар аясында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісті.