Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарына арналған көшпелі дәріс өтті. Дәріс мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және болжамдаудың модельдік құралдары жайлы болды.
Экономика салалары департаменті директорының орынбасары Жәнібек Нұрпейісов магистранттарға мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі қағидаттары мен оның архитектурасын айқындайтын құжаттарды таныстырды. Оның айтуынша, бұл жүйенің мақсаты – әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және ресурстарды тиімді бөлу. Сондай-ақ лектор өңірлік деңгейдегі стратегиялық пайымды іске асыру тетіктерін түсіндіріп, өңірлердің даму жоспарларын әзірлеу процесі мен олардың мониторингін жүргізу механизмдерін баяндады. Бұған қоса, ол өңірлердің бірі мысалында мақсаттар мен міндеттерді декомпозициялау бойынша практикалық үлгі көрсетті.
Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Шыңғыс Сейдалиев Агенттіктің болжамдық-талдамалық құралдар жүйесін таныстырды. Ол негізгі макроэкономикалық параметрлерді бағалау және фискалдық пен монетарлық саясаттың экономикалық динамикаға әсерін талдау үшін қолданылатын QazMod макроэкономикалық модельдер экожүйесі туралы егжей-тегжейлі айтты. Сонымен қатар макроэкономикалық көрсеткіштерді аудан және қала деңгейіне дейін дезагрегациялау әдістемелеріне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы неғұрлым дәл және нысаналы ақпарат алуға мүмкіндік беріп, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауды күшейтеді.
Дәріс соңында стратегиялық жоспарлау, өңірлік даму жоспарларын әзірлеу және талдамалық модельдерді қолдану мәселелері жөнінде белсенді сұрақ-жауап сессиясы өтті.