ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов Central Asia Fintech Summit аясында деректер экономикасының дамуы және елде деректердің ашық әрі қауіпсіз алмасуына арналған құқықтық және технологиялық инфрақұрылым құру туралы презентация жасады.
Олжас Төлеуовтің айтуынша, Қазақстан статистиканың жаңа парадигмасына көшті. Ол әкімшілік және балама дереккөздерді: банктік транзакциялар, мобильді деректер, ғарыштық мониторинг нәтижелері және фискалдық чектерді – ресми статистикамен интеграциялауды көздейді. Мұндай тәсіл бизнеске түсетін есептілік жүктемесін шамамен 50%-ға азайтып, мемлекеттік басқарудағы аналитиканың сапасын едәуір арттырады.
Презентация барысында Агенттіктің аналитикалық бастамалары таныстырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы, сондай-ақ Мінез-құлық экономикасы және үлкен деректерді талдау орталығы жұмыс жасап жатыр. Бұл орталықтар машиналық оқыту мен жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, мінез-құлық сипаттамаларын, демографиялық үрдістерді және әлеуметтік зерттеулерді терең талдайды.
Спикер деректердің құқықтық экожүйесін қалыптастыру мәселесіне де тоқталды. Дайындалып жатқан Цифрлық кодекс аясында деректерді азаматтық құқық нысаны ретінде айқындау, олардың айналымы мен монетизациясының қағидаларын белгілеу, сондай-ақ жеке деректерді қорғау талаптарын нақтылау ұсынылып отыр. Бұл деректер алмасуды ашық, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді етуге мүмкіндік береді.
Шанхай деректер биржасымен бірлесіп құрылып жатқан Ұлттық деректер биржасы болашақ инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі болады. Аталған платформа деректердің әділ бағасын айқындауды, сапаны тәуелсіз бағалауды және деректер нарығы қатысушыларының құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етеді.
IDC бағалауынша, Қазақстандағы деректер экономикасының қазіргі көлемі 2,7 млрд еуро шамасында, ал 2030 жылға қарай 5 млрд еуроға дейін ұлғаюы мүмкін.
«Деректер – экономиканың жаңа стратегиялық ресурсына айналуда. Қазақстан деректер нарығын қалыптастырудың мықты іргетасын қалады. Ендігі мақсатымыз – барлық қатысушылар үшін сенім, ашықтық және өзара тиімділікті қамтамасыз ету», – деді Олжас Төлеуов.
Қазіргі уақытта жеке сектормен бірлесіп деректер алмасуды монетизациялау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу дайындықтары жүргізіліп жатыр.
13-14 қараша күндері Алматыда Central Asia Fintech Summit финтех саласының жетекші сарапшыларын, қаржы реттеушілері мен институттарының өкілдерін және 15-тен астам елден келген қатысушыларды біріктірген форум өтуде. Форумда трансшекаралық төлемдер, жасанды интеллект және машиналық оқыту, Орталық Азиядағы финтех-экожүйе, төлем құралдарының болашағы және басқа да инновациялық бағыттар талқылануда.