Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов ресми статистикаға үлкен деректерді енгізу бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстырды

Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов ресми статистикаға үлкен деректерді енгізу бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстырды

«Ұлттық статистикалық жүйелерді цифрлық трансформациялау» халықаралық форумы аясында ресми статистикада үлкен деректерді және балама дереккөздерді пайдалану тақырыбына арналған панельдік сессия өтті. Әртүрлі елдердің қатысушылары статистикалық жүйелерді жаңғыртудың заманауи тәсілдерін талқылап, инновациялық технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісіп, саланың одан әрі даму перспективаларын айқындады.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов форум делегаттарына ресми статистикаға үлкен деректерді енгізу жөніндегі Қазақстан тәжірибесін таныстыра отырып, цифрлық деректерді интеграциялау ұлттық статистикалық экожүйені жаңғыртуға бағытталған ағымдағы реформаның маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

Олжас Төлеуовтың айтуынша, Қазақстан цифрлық деректер мен автоматтандырылған технологияларға негізделген жаңа статистика моделін қалыптастыруда. Соңғы екі жылда ресми статистика өндіру мақсатында әкімшілік және балама деректерді, соның ішінде деперсонализацияланған мобильді деректерді, транзакциялық талдауды, фискалдық чектерді және басқа да ақпаратты пайдалану бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз еткен жүйелі заңнамалық өзгерістер қабылданды.

«Үлкен деректерді пайдалану – жаңа буын статистикасын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Қазақстан деректерге негізделген шешімдер қабылдауды және тиімді мемлекеттік саясатты әзірлеуді қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Фискалдық чектерден бастап мобильді трафикке дейінгі үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеуде AI-модельдерді қолдану есептердің дәлділігін арттырып, нақты уақытқа барынша жақын интеллектуалды талдауға көшуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Бұл тәсіл статистиканың сапасы мен жеделдігін айтарлықтай арттыруға, процестерді оңтайландыруға, сондай-ақ дайын цифрлық дереккөздерге көшу есебінен бизнес пен халыққа түсетін есептілік жүктемесін біршама төмендетуге мүмкіндік берді.

Сессия барысында қатысушылар статистика және оған іргелес талдамалық бағыттарда үлкен деректерді қолданудың халықаралық тәжірибесін де ұсынды. Чжан Цзяпэй (Қытайдың Ұлттық статистика бюросы) үй шаруашылықтарын зерттеуде жаңа дереккөздерді пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Василий Бужор (Молдова Ұлттық статистика бюросы) ресми статистикаға балама дереккөздерді интеграциялау бойынша молдовалық тәжірибені таныстырды. Мадина Кабжалялова (Halyk Finance) макроэкономикалық болжамдаудың цифрлық трансформациясы және дәстүрлі модельдерден нейрожелілік шешімдерге көшу туралы баяндады. Герту Пилсас (Эстонияның Positium компаниясы) мобильді позициялау деректерін ресми статистикада ғана емес, аумақтық даму міндеттерін шешуде пайдалану перспективаларын атап өтті. Сергей Аветисян (Infonet Mobil) мобильді операторлар деректерін халық саны мен мобильдігін бағалау үшін қолдану тәсілдерін таныстырды.