Қазақстан статистика және стратегиялық жоспарлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан статистика және стратегиялық жоспарлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

Мемлекеттік статистиканың 105 жылдығына арналған «Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» халықаралық форумы аясында деректер, статистика және стратегиялық жоспарлау салаларында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық әлеуетті дамытуға бағытталған екі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжаттарға ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (UNFPA), сондай-ақ ҚР Үкіметі мен Азия Даму Банкі (АДБ) арасында қол қойылды.

Меморандумдар Қазақстан мен халықаралық ұйымдардың әріптестікті күшейту, тәжірибе алмасу және мемлекеттік басқару сапасын арттыру, сондай-ақ деректерге негізделген тиімді шешімдер қабылдауды қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету жөніндегі ортақ ұмтылыстарын айқындайды.

UNFPA-мен жасасқан Меморандум демографиялық талдау, болжау және әлеуметтік-экономикалық даму үшін сапалы деректерді пайдалану бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады. Тараптар демографиялық саясат саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту, сондай-ақ өңірлік және халықаралық деңгейде тәжірибе мен білім алмасуда Қазақстанның көшбасшылық рөлін ілгерілету үшін күш біріктіруге келісті.

АДБ-мен қол қойылған Меморандум Статистиканы жетілдіру жөніндегі бағдарлама аясында ынтымақтастықты көздейді. Оның шеңберінде заманауи технологияларды, талдамалық құралдарды және озық әдіснамаларды енгізуге ерекше назар аударылады. Сондай-ақ мамандардың құзыреттерін арттыруға, статистикалық цифрлық шешімдерді жетілдіруге және өңірлік деңгейде білім алмасуды кеңейтуге басымдық беріледі.

Бағдарлама ұлттық статистика қызметінде инновацияларды ілгерілетуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғам үшін деректердің сапасын арттыруға да өз үлесін қосатын болады.