
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) делегациясымен кездесу өткізді. Кездесу Вашингтондағы Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының Күзгі сессиялары кезінде басталған диалогтың жалғасы болып, стратегиялық серіктестікті тереңдету және нақты бірлескен бастамаларды пысықтау мақсатын көздеді.
Талқылау барысында тараптар мемлекеттік-жекешелік әріптестік, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен экономикалық өсімге жоғары әлеуеті бар басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын қарастырды.
Әсет Ерғалиев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың тұрақты әрі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Қазақстан жүйелі реформаларды біртіндеп жүзеге асырып келеді. Институттарды күшейту және экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты қадамдар қабылдануда. Біз IFC-мен серіктестікті жоғары бағалап, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды әрі қарай дамытуға мүдделіміз», - деді ол.
IFC өкілі Зафар Хашимов Қазақстанның өңірдегі өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, Корпорацияның реформаларды қолдауға белсене қатысуға дайын екенін растады.
«Қазақстанда ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. IFC жекеменшік секторды дамытуға, қаржы нарығының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ инфрақұрылымдық және аграрлық жобаларды ілгерілетуге бағытталған жүйелі қолдауға мүдделі. Біз ынтымақтастықты кеңейтіп, халықаралық үздік практикаларды енгізуге дайынбыз», - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға және бірлескен жобаларды жан-жақты пысықтауға көшуге келісті.