Әзербайжан Республикасы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік статистика комитеті арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум ресми статистика саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам. Құжат екі елдің ұлттық статистика органдары арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл үшін қажетті институционалдық негіз қалыптастыруды көздейді.
Тараптар үздік тәжірибелермен белсенді алмасуды, заманауи статистикалық стандарттарды енгізуді, бірлескен ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ халықаралық жобалар мен техникалық ынтымақтастық бағдарламаларына қатысуды жоспарлап отыр.
Меморандум ережелерін іске асыру мақсатында бес жылдық жұмыс жоспарлары әзірленетін болады. Онда өзара іс-қимылдың нақты бағыттары, іс-шаралардың мерзімдері және жауапты орындаушылар айқындалады. Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру және статистикалық деректердің сапасын жақсарту мақсатында кәсіби алмасулар, оқу сапарлары, онлайн-семинарлар мен жұмыс кездесулері ұйымдастырылмақ.
Ерекше назар статистикалық ақпаратты жинау, өңдеу және тарату үдерістерінде озық цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге аударылатын болады.
Құжат халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи мемлекеттік статистика жүйесін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін тағы бір мәрте растады.