«Деректер экономикасын дамыту – Қазақстандағы цифрлық трансформацияны жеделдету үшін үлкен мүмкіндік» – Олжас Төлеуов

«Деректер экономикасын дамыту – Қазақстандағы цифрлық трансформацияны жеделдету үшін үлкен мүмкіндік» – Олжас Төлеуов

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов «AMANAT» партиясы жанындағы экономика, цифрландыру және инновациялық даму жөніндегі республикалық кеңес отырысында сөз сөйледі.

Кеңестің негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы аясындағы деректер экономикасын дамыту мәселелері болды.

Өз сөзінде Олжас Төлеуов қазіргі таңда деректер елдердің экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының біріне айналғанын атап өтті.

«Деректер экономикасы – бұл дерексіз ұғым емес, Қазақстан үшін цифрлық мемлекетті дамытуды жеделдетуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және жаңа өсім көздерін қалыптастыруға нақты мүмкіндік», – деді ол.

Төраға орынбасарының айтуынша, Қазақстан заманауи және орнықты деректер экономикасын қалыптастыру үшін барлық қажетті алғышарттарға ие. International Data Corporation бағалауы бойынша, 2023 жылы Қазақстанның деректер нарығы шамамен 556 миллион еуроны, ал деректер экономикасының жалпы көлемі 2,7 миллиард еуроны құрады. Нарықтың негізгі қатысушылары – банктер, телекоммуникация операторлары, бөлшек сауда және мемлекеттік сектор.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Шанхай деректер биржасымен бірлесіп, деректер нарығының әлеуетін ашып көрсететін және Қазақстанның Деректер биржасын құру тәсілдерін сипаттайтын талдау құжаты әзірленді. Жоба мемлекеттік органдар, бизнес және цифрлық экожүйенің өзге қатысушылары арасында деректермен қауіпсіз әрі ашық алмасу, бағалау және монетизациялау алаңына айналуға тиіс.

«Деректер биржасын құру – деректерді алмасу мен пайдаланудың ұлттық орталығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл ақпарат иелерінің құқықтарын қорғауды, әділ баға белгілеуді және жасанды интеллект пен цифрлық сервистерді дамытуға қажетті деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деп атап өтті О.Төлеуов.

Сондай-ақ ол деректерді экономикалық актив ретінде айқындайтын және олардың айналымы мен пайдаланудың негізгі қағидаттарын белгілейтін нормативтік базаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Цифрлық кодекс жобасына деректердің айналымын, монетизациясын және деректер өнімдерін реттейтін нормаларды енгізу жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекет, бизнес және сарапшылық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіріп, цифрлық трансформация саласындағы бастамаларды ілгерілету және Қазақстанның инновациялар мен деректер саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайту қажеттігін атап өтті.