
2025 жылғы 13-17 қазан аралығында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Вашингтон қаласына (АҚШ) жұмыс сапарымен барып, Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының күзгі сессияларына қатысты.
Сапар барысында халықаралық қаржы ұйымдарының басшылығымен, америкалық бизнес, мемлекеттік органдар және талдау орталықтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті.
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани, Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Наджи Бенхассин және институттың өзге де өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында Агенттікпен ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.
Халықаралық валюта қорымен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Қордың басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен өткен кездесуде Қазақстандағы макроэкономикалық жағдай, экономикалық саясаттың басым бағыттары және құрылымдық реформалар мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, америкалық бизнес және сарапшылық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өтті. Олардың қатарында Honeywell компаниясының аға вице-президенті Стейси Бернардс, Atlantic Council аға директоры Джон Хербст және АҚШ-тың жетекші талдау орталықтарының өкілдері бар. Келіссөздер барысында инновациялық технологияларды енгізу және сарапшылық-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Әсет Ерғалиев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің саясат және стратегия жөніндегі вице-президенті Людгер Шукнехтпен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қарастырылды.
Азия даму банкінің Оңтүстік, Орталық және Батыс Азия бойынша вице-президенті Инмин Ян және Орталық және Батыс Азия департаментінің бас директоры Лия Гутьерреспен кездесуде бірлескен жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Ерекше көңіл Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан білім және тәжірибе алмасу жобаларына бөлінді.