Реформалар агенттігі мен UNFPA демографиялық талдау және болжау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

Реформалар агенттігі мен UNFPA демографиялық талдау және болжау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде Төраға орынбасары Сырымбет Қаскеев пен БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) Қазақстандағы елдік өкілі Чинве Огбонна ханымның кездесуі өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мен демографиялық талдау, статистика және адами капиталды дамыту салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Сырымбет Қаскеев кездесуді аша отырып, Мемлекет басшысы демографиялық үдерістерді жүйелі түрде зерттеуге әлеуметтік саясатта ұзақмерзімді әрі негізделген шешімдер қабылдаудың негізгі факторы ретінде айрықша мән беретінін атап өтті.

«Агенттік халықаралық ұйымдармен және әлемнің жетекші талдамалық орталықтарымен әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біз UNFPA ұйымының Қазақстанның ұлттық статистикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз», – деді С. Қаскеев.

Кездесу барысында демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева жаңа құрылымның негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. Орталық туу, өлім-жітім және көші-қон үдерістерін талдау және болжаумен қатар, халықтың қартаюы сияқты биодемографиялық үрдістерді зерттейді. Сондай-ақ, демография маңызды рөл атқаратын пәнаралық зерттеулерге басымдық беріледі.

Өз кезегінде Чинве Огбонна Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, Агенттікті жаңа Орталықтың ашылуымен құттықтады. Бұл бастаманың елдің тұрақты әлеуметтік - экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

«UNFPA 2026-2029 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр. Оның аясында демография, көші-қон және адами капиталды дамыту бойынша талдамалық және зерттеу жобалары жүзеге асырылады. Біз осы бағыттарда Агенттікпен тығыз серіктестік орнатуға мүдделіміз», – деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік туралы Меморандум әзірлеу және бірлескен іс-шаралар жоспарын жасау жөнінде келісті.

 

Анықтама үшін:

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA) халықтың өмір сүру сапасын және репродуктивті денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған қызметпен айналысады. Негізгі жұмыс бағыттарына репродуктивті денсаулықты қамтамасыз ету (оның ішінде аналық денсаулық пен отбасын жоспарлау), жастарды қолдау, жыныстық белгілер бойынша зорлық-зомбылықпен күрес және халықтың өзекті мәселелерін ұлттық даму стратегияларына енгізу кіреді.