ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің «Josparlaý» сараптамалық-диалог алаңында демографтар, әлеуметтанушылар, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ отбасы және гендерлік саясат саласындағы сарапшылар бас қосып, Қазақстандағы қазіргі демографиялық сын-қатерлерді талқылады.
Іс-шараны ашқан Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Агенттік жанында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылғанын атап өтті.
«Орталықтың негізгі міндеті – деректерге, ғылыми дәлелді модельдерге және жасанды интеллект технологияларына сүйене отырып, демографиялық және көші-қон үрдістерін ескеру арқылы мемлекеттік саясаттың сапасы мен негізділігін арттыру. Бүгін біз осы Орталықтың әлеуетін іске асырудың алдағы тәсілдерін талқылау үшін жиналдық» – деді Агенттік Төрағасының орынбасары.
Кездесу барысында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева Қазақстандағы демографиялық үрдістерге шолу жасап, жаңа құрылымның миссиясы, мақсаттары мен міндеттері туралы баяндады.
Оның айтуынша, алғашқы кезеңде Орталық демографиялық, көші-қон және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді біріктіретін бірыңғай деректер базасын қалыптастыру мен оны жүйелі түрде жаңартып отыруға, сондай-ақ демографиялық саясатқа талдамалық қолдау көрсету мен ғылыми негізделген болжамдар әзірлеуге басымдық береді. Сонымен қатар, әлеуметтанулық және кабинеттік зерттеулер қызметтің маңызды бағыттарының бірі болмақ.
Отырыс қатысушылары демографиялық мониторинг пен болжаудың бірыңғай талдамалық жүйесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл саладағы зерттеу бағыттарын кеңейту мен кадрлық әлеуетті нығайту жөнінде бірқатар ұсыныстар білдірді.
«Josparlaý» клубының тақырыптық отырысына Жұлдызай Искакова (Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия), Батжан Акмолдина (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі), Дана Ашимханова (Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты), Айнұр Иманқұл (Қазақстан қоғамдық даму институты), Құралай Мұхамбетова (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті), Ботагөз Ракишева («Қоғамдық пікір» зерттеу институты), Шынар Төлешова (Экономикалық зерттеулер институты), сондай-ақ Александр Алексеенко, Жанна Аубакирова, Нелли Краснобаева және Элеонора Столярова (Digital Social Research) қатысты.