ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде «Josparlaý» сараптамалық-диалог клубының кезекті отырысы өтті. Кездесудің басты тақырыбы – заманауи мал шаруашылығын дамыту. Іс-шараға сарапшылар, бизнес және салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.
Төраға Әсет Ерғалиев отырысты ашып, Агенттіктің негізгі міндеттері мен мандатына тоқталды. Ол агроөнеркәсіптік кешеннің ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мал шаруашылығын аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Агенттік сала тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған реформалар мен нақты механизмдерін әзірлеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. «Josparlaý» алаңы – ашық, әрі сындарлы диалогқа арналған кеңістік. Бүгін біз мал шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылау үшін бас қостық» - деді Ә. Ерғалиев.
Кездесуде Агенттіктің экономика салалары департаментінің директоры Манас Зейфолда аналитикалық таныстырылым жасап, мал шаруашылығының макродеңгейдегі қазіргі ахуалына тоқталды. Талқылау барысында қатысушылар саланың әрі қарай дамуы кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Атап айтқанда: тұрақты институционалдық ережелерді бекіту, асыл тұқымдық базаны нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, ветеринариялық қызметті жетілдіру және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту қажеттігі айтылды.
«Josparlaý» клубының салалық отырысына Қайыржан Наурызғалиев (Терра), Болат Бекбердиев (Елімай Көкпекты), Максут Бақтыбаев (Қазақстанның ет одағы), Даурен Салыков (Ангус Қазақстан), Бахтияр Өтелбаев (Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасы), Мирас Ғаббасов, Елен Қойшуақ (Қалмақ тұқымы республикалық палатасы), Алмат Аубакиров (Қазақстанның ет-сүт одағы), Азамат Сагинбаев (Ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасы), Қуандық Елюбаев (Қазақстан құс өсірушілер одағы) сияқты сарапшылар мен бизнес өкілдері қатысты.
Отырыстың қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.