Астанада ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету, қаржылық тұрақтылықты нығайту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатындағы әріптестікті дамытуға негіз қалады.
Меморандумға сәйкес тараптар статистикалық және талдамалық деректермен алмасуға, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге, оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға, сондай-ақ техникалық көмек көрсетуге уағдаласты. Ерекше назар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қаржы нарықтарын жетілдіруге, инвестициялық ахуалды жақсартуға, әлеуметтік саланы дамытуға, индустриялық саясатты ілгерілетуге және елдің орнықты дамуына әрі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған институттардың тиімділігін көтеруге қатысты реформаларды әзірлеу мен іске асыру мәселелеріне аударылатын болады.
«Бүгінгі таңда Қазақстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар кезеңінде тұр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының жаңа стратегиялық бағдарларын айқындады. Агенттік олардың жүзеге асырылуына белсенді түрде жұмыс атқаруда. Халықаралық ұйымдармен және жетекші сараптамалық орталықтармен ынтымақтастық осы үдерістің маңызды элементі болып саналады. Қормен орнатылған әріптестік талдамалық және сараптамалық әлеуетті күшейтіп, бірлескен бастамаларымыз мемлекет пен қоғам үшін пайда әкеледі деп сенемін» - деді Агенттік Төрағасы Әсет Ерғалиев.
Өз кезегінде Қордың атқарушы директоры Андрей Широков кездесуге ризашылығын білдіріп, бұл ынтымақтастықтың жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыстың бастауы екенін атап өтті.
«Қазақстан Қордың негізгі әріптесі болып табылады және біз тиімді өзара іс-қимылды жолға қою үшін кең мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Біздің бірлескен күш-жігеріміз синергетикалық әсер беріп, ортақ басымдықтарды іске асыруға ықпал етеді. Өз тарапынан Қор Агенттіктің жұмысына пайдасын тигізіп, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын» - деді ол.
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енді және болашақтағы бірлескен жобалар мен бастамаларға негіз болады.