Реформалар агенттігіне Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының өкілдері келді

Реформалар агенттігіне Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының өкілдері келді

Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) бас экономисі Сергей Улатовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттары бойынша талдамалық және сараптамалық қолдау көрсету саласындағы ынтымақтастық жайлы талқылады.

Әсет Ерғалиев Агенттіктің мандаты мен басымдықтарын таныстырып, Қормен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін атап өтті.

«Біз үшін кең ауқымды талдамалық әлеуеті бар және реформаларды жоспарлау мен іске асыру кезеңдерінде кешенді техникалық қолдау көрсете алатын институттармен серіктестік орнату маңызды. Агенттік Қормен ынтымақтастықтың әлеуетін жоғары бағалайды және болашақ әріптестікке үлкен үміт артады» – деді ол.

Төраға орынбасары Олжас Төлеуов делегацияға Агенттіктің үлгілік және талдамалық құралдарын таныстырып, Ұлттық статистика бюросының қызметі туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде Сергей Улатов Қордың қазіргі қызмет бағыттарын, соның ішінде макроэкономикалық диагностика, өңірлік шолулар мен қолдау бағдарламаларын таныстырды.

«Біздің басты міндетіміз – қатысушы мемлекеттердің макроэкономикалық тұрақтылығы мен институционалдық әлеуетін нығайтуға қолдау көрсету. Агенттікпен ынтымақтастықты дамытуға терең қызығушылық білдіре отырып, бұл серіктестік екі тараптың да талдамалық базасын күшейтеді деп сенеміз» – деді ол.

 

Анықтама үшін:

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) – 2009 жылы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның бастамасымен құрылған, көлемі 8,5 млрд долларын құрайтын өңірлік қаржы тетігі. Қордың мақсаты – дағдарыстық  құбылыстардың салдарын еңсеру, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету және Қорға мүше елдердің экономикаларын біріктіруге жәрдемдесу.