Реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Шанхай деректер биржасының Бас директоры Тан Цифэнмен кездесті

Реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Шанхай деректер биржасының Бас директоры Тан Цифэнмен кездесті

Астанада Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев пен Шанхай деректер биржасының Бас директоры Тан Цифэн арасында кездесу өтті. Келіссөздер барысында тараптар үлкен деректер индустриясын дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Агенттік Төрағасы Әсет Ерғалиев Қазақстан қазіргі заманғы, тұрақты және цифрлық деректер экожүйесін қалыптастыруға ұмтылатынын атап өтті. Мұндай экожүйе мемлекеттік басқарудың, инновацияны ынталандырудың және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізіне айналуға тиіс. Осы мақсатта Агенттікке қарасты Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда Деректер биржасын құру бастамасын іске асыруда. Бұл жоба деректердің реттелетін нарығын дамытуға, ресми статистикада балама дереккөздерді қолдануға және деректерді монетизациялауға жағдай жасауға бағытталған.

«Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар белсенді даму үстінде. Осы орайда біз Астанадағы Деректер биржасын құру жобасын іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Бұл бастама цифрлық экожүйені қалыптастыру мен деректер саласындағы трансшекаралық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңызды қадамы болатынына сенеміз» - деді Ә. Ерғалиев.

Өз кезегінде бас директор Тан Цифэн ұйымның негізгі қызмет бағыттарын таныстырды.

«2021 жылы құрылған сәттен бастап Шанхай деректер биржасы халықаралық дерек алмасу тетіктерін белсенді түрде дамытып, ашық әрі стандартталған инфрақұрылым құруда. Біз тәжірибе алмасуға және Қазақстанда заманауи Деректер биржасын қалыптастыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз» - деді ол.

Кездесу соңында тараптар диалог пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге  өзара дайындығын растады.

 

Анықтама үшін:

Шанхай деректер биржасы (Shanghai Data Exchange) – үлкен деректер саласындағы халықаралық жетекші ұйымдардың бірі. Бұл Қытайдағы орталық платформа ретінде деректерге қауіпсіз қолжетімділікті және олардың сауда-саттығын қамтамасыз етеді. 2021 жылы іске қосылған сәттен бастап платформада 2700-ден астам дерек өнімі тіркелген, ал 2023 жылы транзакциялар көлемі 1,1 миллиард юаньнан асты.