Реформалар агенттігінде «Josparlaý» сараптамалық-диалог клубының бірінші отырысы өтті

Реформалар агенттігінде «Josparlaý» сараптамалық-диалог клубының бірінші отырысы өтті

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде «Josparlaý» сараптамалық-диалог клубының бірінші отырысы өтті. Кездесу тақырыбы – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Талқылауға жетекші экономистер, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдері қатысты.

Реформаларды әзірлеуге сараптамалық қатысуды кеңейту мақсатында Агенттікте жаңа диалог платформасы іске қосылды. Бастама теңдестірілген стратегиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бірінші кездесуді аша отырып, Агенттік Төрағасы Әсет Ерғалиев жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен тиімділігін арттырудың құралы ретінде ашық кәсіби диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Сараптамалық клуб қатысушыларына қызығушылықтарыңыз бен мазмұнды, әрі сындарлы диалогқа қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл алаңда ұсынылған бастамалар міндетті түрде еліміздің бағдарламалық және стратегиялық құжаттарында көрініс табады. Бүгінгі кездесу – тақырыптық бағыттар аясында нақты тәсілдер мен шешімдер әзірлеуге негіз болатын жүйелі жұмыстың бастауы» - деді ол.

Кездесу барысында сарапшылар экономикалық саясаттың өзекті мәселелері мен басымдықтарын, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық тартымдылықты арттыру мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмысқа арналған тақырыптар мен бастамалар ұсынды.

Сондай-ақ қатысушылар «Josparlaý» клубының кездесулерін тұрақты түрде өткізіп тұру идеясын бірауыздан қолдады. Бұл алаң – қоғам мүддесі мен уақыт талабына сай шынайы әрі теңгерімді шешімдер әзірлеудің тиімді құралы ретінде танылды.

Клубтың алғашқы құрамына Алмас Чукин (Visor), Ануар Буранбаев (Зерттеу және консалтинг орталығы), Олжас Худайбергенов (CSI Group), Рустам Жүрсінов (Қазақстан инвесторлар Одағы), Жаныбек Айгазин (AERC), Қуаныш Жайықов (DESHT) және Асқар Кысықов (TALAP) сияқты танымал сарапшылар кірді.

Алдағы уақытта «Josparlaý» алаңында экономиканың түрлі салаларын және күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қамтитын кең ауқымды тақырыптар талқыланатын болады. Келесі кездесулер барлық мүдделі тараптарды ескере отырып ұйымдастырылып, жүргізіліп жатқан реформалардың институционалдық негізін нығайтуға бағытталады.