С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымымен кездесу өтті
Бүгін №8 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты ретінде С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымымен кездесу өткіздім.
Кездесудің негізгі мақсаты – Сайлауалды бағдарлама шеңберінде әзірленген Жол картасының орындалуын баяндау, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныс-тілектерді жан-жақты талқылап, оларды жүйелеу болып табылады.
Сайлаушылармен өткен жүздесу барысында жергілікті тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, мектеп алдынан жасанды тегіс емес жол орнату, Почтовый шағын ауданындағы ескі ғимараттарды бұзу мәселелері және өзге де әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы түйткілдер сөз болды. Тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысы мұқият тыңдалып, қойылған сұрақтарға қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер бердім. Сонымен қатар, бірқатар мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілетіні, ал күрделі мәселелер кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде шешілетіндігін жеткіздім. Мұндай кездесулер халықпен ашық әрі жүйелі диалог орнатуға, тұрғындардың мұң-мұқтажын дер кезінде анықтап, оны шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да сайлаушылармен тұрақты негізде ашық кездесу алаңдарын ұйымдастыру жұмыстары жалғасын табатын болады.