
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ
Арыс қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Балабиевтің жұмыс сапары аясында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты қалалық коалиция филиалының өкілдері және «Ақаба-Сервис» ЖШС ұжымы қатысты.
Кездесу барысында елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар және 15 наурызға белгіленген жалпыхалықтық референдум мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжіліс депутаты жүргізіліп жатқан саяси жаңғыртулардың негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұсынылып отырған өзгерістер қоғам сұранысы мен ел болашағын ескере отырып әзірленгенін жеткізді.
Жиында Арыс қалалық коалиция төрағасы Б.Ділдәбеков пен коалиция мүшесі М.Төлебеков сөз сөйлеп, конституциялық өзгерістердің маңызы мен қоғамдық қатынастарды жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың саяси үдерістерге белсенді қатысуы – уақыт талабы екені ерекше аталды.
Кездесу ашық форматта өтіп, «Ақаба-Сервис» ЖШС қызметкерлері жаңартылған конституциялық нормаларға, заңнамалық өзгерістердің әлеуметтік салаға ықпалына, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері мен қоғамдық бақылау мүмкіндіктеріне қатысты сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Іс-шара соңында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы саяси науқанға белсенді қатысатындықтарын жеткізді.