ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М.Е. Әбілқасымованың ҚР Үкіметінің отырысындағы тезистері

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы  М.Е. Әбілқасымованың ҚР Үкіметінің отырысындағы тезистері

Құрметті Олжас Абайұлы!

Құрметті қатысушылар!

 

Сіздерге Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шаралары туралы ақпарат беруге рұқсат етіңіздер.

2-слайд

Биыл 9 айда экономикаға берілген кредиттер 14,6%-ға ұлғайып, 38,7 трлн теңгені құрады.

Бизнеске берілген кредиттер 12,1%-ға өсіп, 14,7 трлн теңгені құрады.

Кепілсіз тұтынушылық кредиттер биыл 9 айда 12,7%-ға дейін өсті. Өсу қарқыны өткен жылы 29,3%-ға өсумен салыстырғанда екі еседен астам азайды (өткен жылы 9 айда – 22,5%).

Кепілді тұтынушылық кредиттер, оның ішінде автокредиттер   биыл 9 айда 32,2%-ға өсіп, 4,8 трлн теңгені құрады. Ипотекалық кредиттер жыл басынан бері 10,4%-ға өсті.

3-слайд Корпоративтік кредиттеу құрылымында шағын және орта бизнес кредиттері 44%-ды, ірі бизнеске кредиттер 36%-ды  және дара кәсіпкерлерге кредиттер 20%-ды құрайды.

4-слайд

Нақты секторға кредит беруді кеңейту мақсатында Агенттік Ұлттық Банкпен және Үкіметпен бірлесіп жүйелі шаралар қабылдады.

Салық кодексі шеңберінде фискалдық ынталандыру үшін өткен жылы Ұлттық Банктің ноталарына корпоративтік табыс салығы енгізілді. Биыл мемлекеттік бағалы қағаздардан және басқа да өтімділігі жоғары активтерден банктердің кірістеріне салық салудың ерекше тәртібі енгізілді.

2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізіледі: корпоративтік кредиттеу бойынша 20%, тұтынушылық кредиттер және басқа да қызмет түрлері бойынша 25%.

 Банктердің капиталын және өтімділігін босату үшін шағын және орта бизнес қарыздары бойынша және синдикатталған қарыздар бойынша тәуекел-саралау 50%-ға дейін, өтімділік нормативтері 0,9-ға дейін төмендетілді. Бұл 2,6 трлнтеңгекөлеміндеөтімділіктібосатты.

Банктердің кепіл саясатын жеңілдету үшін жылжымайтын мүлік және жер учаскелері бойынша өтімділік коэффициенттері арттырылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары мен офтейк-келісімшарттар тұрақты кепіл болып танылды.

Биыл маусымда Даму қорының базасында шағын және орта бизнес кредиттері бойынша Кепілдік беру қорын құру туралы заңнамалық түзетулер қабылданды. Қор банктердің 40% көлеміндегі жарналары есебінен қаржыландырылады. Бүгінгі күні 330 млрд теңгеге кепілдік берілді.

Ірі инвестициялық жобаларға кредит беру үшін заңнамалық деңгейде синдикатталған кредиттеуді дамыту жөнінде шаралар қабылданды. Бәйтерек қоры жанынан Синдикатталған кредит беру жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жобаларды қаржыландыру басталды.

Банктерге ұзақ мерзімді қорландыруды беру үшін былтырдан бастап банктердің облигацияларына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау тетігі іске қосылды. Банктер нақты сектордағы 85 жобаға кредит беру үшін 207 млрд теңге тартты.

5-слайд

Тұтынушылық кредиттеу қарқынын және  азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін, Агенттік заңнамалық және реттеушілік шаралар қабылдады.

Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасы шектелді.

Биыл тамыз айынан бастап реттеушілік деңгейде 5 жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынды. Бұл шара кірісі төмен қарыз алушылар кредит беру мерзімін ұлғайтқан кезде борыш жүктемесінің коэффициентін айналып өтуге жол бермеуге бағытталған. Сондай-ақ үш жылдан бес жылға дейінгі қарыздар бойынша капиталға тәуекел-саралау 350%-ға дейін ұлғайтылды.

2024 жылдан бастап жаңа норматив – қарыз алушының жиынтық борышының оның жылдық кірісіне қатынасы енгізілді.

Өткен жылғы тамыздан бастап жылдық тиімді сыйақы ставкасының шекті мәндері төмендетілді: кепілсіз қарыздар бойынша 56%-дан 46%-ға дейін, кепілді қарыздар бойынша 40%-дан 35%-ға дейін, ипотекалық кредиттер бойынша 2026 жылғы шілдеден бастап 25%-дан 20%-ға дейін.  

Бұдан басқа, реттеушілік деңгейде борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылды. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу барлық қарыздарға және барлық қарыз алушыларға қолданылды. Бұдан басқа, қарыз алушының төлемге қабілеттілігін бағалауға қойылатын талаптар күшейтілді, тәуекелі жоғары қарыз алушылардың өлшемшарттары енгізілді, сондай-ақ банктер үшін дефолттың шекті мәндері белгіленді.

6-слайд

Үкіметтің, Ұлттық Банк пен Агенттіктің бірлескен іс-қимыл  бағдарламасы шеңберінде бизнеске кредит беруді ынталандыру және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде мынадай шаралар іске асырылатын болады.

Бірінші. Корпоративтік кредит беруді одан әрі ынталандыру үшін
2026 жылғы 1 сәуірден бастап бөлшек кредиттер бойынша капиталдың секторлық контрциклдік буфері 2% деңгейде іске қосылады.

Келесі жылы Агенттік бизнеске кредит беруді ұлғайту үшін  уақытша пруденциялық шараларды іске асыруды жалғастырады. Атап айтқанда, өтімділік коэффициенттерінің 0,9 деңгейіндегі төмендетілген мәндері ұзартылады, бұл 3 трлн теңгеге дейін өтімділікті босатуға мүмкіндік береді.

Банктерді қорландыру құрылымын әртараптандыру және неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді ресурстардың үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Жалпы алғанда, банктердің ресурстарын нақты секторды кредиттеуге барынша тартуға бағытталған шаралар қабылданатын болады.

Екінші. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, қарыз сомасының тұрғын үй құнына қатынасына қарай ипотека бойынша ставкаларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейді. Кепілсіз тұтынушылық кредиттерге қатысты нарықтық деректер негізінде шекті жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу әдістемесі қайта қаралатын болады.

Үшінші. Тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді азайту үшін 2026 жылы жиынтық борыштың жылдық кіріске қатысты коэффициенті іске қосылып, оның нормативтік мәні белгіленеді. Сондай-ақ борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу қатаңдатылады.

Төртінші. Өткен жылы коллекторларға азаматтардың кредиттерін сатуға 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізілді. Нәтижесінде коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыз алушылардың саны 54%-ға азайды. Тиімділікті ескере отырып, мораторий мерзімін 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Бесінші. Проблемалық қарыз алушылардың санын азайту мақсатында, соттан тыс банкроттық рәсімін одан әрі жеңілдету жүргізілетін болады. Қаржы ұйымдары соттан тыс банкроттық қолданылатын проблемалық қарыз алушыларды анықтайтын болады және соттан тыс банкроттық мүмкіндігі туралы СМС-хабарлама арқылы азаматтарды хабардар ету тетігі енгізіледі.

Аталған шаралар банктердің ресурстарын бизнеске кредит берудің пайдасына қайта бөлуге ынталандырады, тұтынушылық кредит берудің өсуін тежейді және нәтижесінде, қаржылық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың мүдделерін қорғайтын болады. 

Фото дереккөз: primeminister.kz