Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М.Е. Әбілқасымованың банк қызметін жүзеге асыруға арналған KMF лицензиясын тапсыру рәсіміндегі құттықтау сөзі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы  М.Е. Әбілқасымованың  банк қызметін жүзеге асыруға арналған KMF лицензиясын тапсыру рәсіміндегі  құттықтау сөзі

Қайырлы күн, құрметті әріптестер,

Құрметті Елена Леонидовна, Шалқар Аманқосұлы

және Джозеф Роберт Фрис мырза!

 

Бүгін біз маңызды оқиғаны атап өтудеміз – KMF банктік қызметті жүзеге асыруға лицензия алуда. Бұл банктік лицензия KMF микроқаржы ұйымын банкке конвертациялау түріндегі сәтті ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесінде беріліп отыр. Лицензия табысталғаннан кейін KMF Қазақстандағы 23-ші банк болады.

Шамамен 30 жылдық жұмысы барысында KMF шағын және орта бизнеске сенімді серіктеске айналды және бүгін жаңа деңгейге көтерілуде.

Шағын және орта бизнес — Қазақстанның экономикалық өсуінің негізі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау, әсіресе ауылдық өңірлерде қолдау елдің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.

Бүгінгі күні Қазақстанда 2,3 млн.-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда 4,3 млн.-нан астам адам жұмыспен қамтылған — бұл барлық экономикалық белсенді халықтың 44%-дан астамы. Шағын және орта бизнес үлесіне елдің жалпы ішкі өнімнің шамамен 38%, ал бірқатар өңірлерде 50%-дан астамы тиесілі.

Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің рөлі ерекше. Шағын қалаларда, ауылдарда және аудан орталықтарында шағын бизнес барлық жұмыс орындарының 70%-ына дейін қамтамасыз етеді және жергілікті экономика мен жұмыспен қамту үшін басты драйвер болып табылады.

Алайда, барлық маңыздылығына қарамастан, ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлер қалалармен салыстырғанда қаржыландыруға қолжетімділігі төмен. Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес,  шағын бизнестің кредиттік өтінімдерін мақұлдау коэффициенті небәрі 33%-ды құрайды, ал орта бизнес үшін бұл шамамен 41%-ды құрайды.Ауылдықаймақтардашағынкәсіпорындардың басымекенінескере отырып,бұлолардыңқаржыландыруға қолжетімділігінайтарлықтайтөмендетеді.

Бұл жағдайда микроқаржы ұйымдары маңызды рөл атқарады, олар әсіресе қажет жерде — аймақтарда, ауылдарда, шағын және орта бизнеспен жұмыс істеуге дайын.

 Осы салада танылған көшбасшылардың бірі KMF ұйымы болып табылады, ол 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанның ірі микроқаржы ұйымы және көптеген жылдар бойы ауылдағы кәсіпкерлерді мақсатты түрде қолдап келеді. Оның клиенттерінің 50%-дан астамы ауылдық жерлердің тұрғындары, ал Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында бұл үлес 70%-дан асады.

KMF-тің портфелінде кредиттік портфельдің 94,6%-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Аграрлық сектор барлық қарыздардың 37%-ын, сервистік қызметтер көрсету 28%-ын және сауда саласы 19%-ын құрайды. KMF-тің клиенттік базасы бүкіл еліміз бойынша 275 мың адамды қамтиды.

KMF активтер көлемі бойынша Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының ішінде 1-ші орында — 395 млрд теңге. Кредиттік портфель жыл басынан бері 12,4%-ға өсіп, 315 млрд теңгені құрады. Бұл ретте бизнеске микрокредиттер портфелі 11,5%-ға, ал жеке тұлғаларды кәсіпкерлік мақсаттарға қаржыландыру үш есе, 172 млрд теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар, KMF тәуекелдерге қатысты консервативті тәсілді ұстанады: 90 күннен аса кешіктірілген қарыздар бар болғаны 5,7%-ды құрайды, бұл сектор бойынша орташа деңгейден төмен.

Fitch Ratings KMF-тің кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен «B+» деңгейінде растады, бұл бизнес-моделінің орнықты және корпоративтік басқару деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Тұрақты және арзан қорландыру көздері есебінен қазақстандық бизнесті қаржыландыру үшін KMF ЕҚДБ, Азия даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі сияқты ірі халықаралық ұйымдардан шетелдік инвестицияларды белсенді тартуда. 2004-2025 жылдар аралығында KMF тартқан шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 775 млрд теңгені құрады.

1963 жылдан бері әлемнің 148 елінде даму бағдарламаларын жүзеге асырып келе жатқан америкалық ACDI/VOCA халықаралық ұйымы құрған KMF-Демеу қоры (60,4%) KMF-тің негізгі акционері болып табылады.

Демеу қоры әлеуметтік бастамалардың кең аясын жүзеге асырады: ауылдық жерлерден келген студенттерге арналған гранттар мен стипендиялар, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары, ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту жобалары, қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі
іс-шаралар және аграрлық сектордағы экологиялық бастамалар.

Халықты қаржылық және бизнес сауаттылыққа үйрету шеңберінде KMF және KMF-Демеу қорының жобалары бойынша  180 мыңнан астам адам оқыды, онлайн-форматта 360 мың адам қамтылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 2017 жылы КМF Microfinanza Rating (MFR) халықаралық агенттігінен «А» деңгейінде әлеуметтік рейтинг, ал 2019 жылы әлеуметтік әсерді тамаша басқарғаны және сондай-ақ әлеуметтік миссияны орындаудың жоғары ықтималдығы үшін «AA-» жоғары деңгейін алды.

Шағын және орта бизнесті, әсіресе, өңірлерде кредиттеу үшін KMF сияқты ойыншылардың маңыздылығын түсіне отырып, 2022 жылы Агенттік заңнамалық деңгейде ірі және қаржылық орнықты микроқаржы ұйымдарына толыққанды банктер болып қайта құрылуға мүмкіндік берді.

Қайта құру тетігі бір жылға дейінгі мерзімге есептелген кезең-кезеңмен және құрылымдық айналдыру процесін көздейді.  Бұл тәсіл микроқаржы ұйымдарына банк қызметінің жаңа талаптары мен стандарттарына — инфрақұрылым мен IT-жүйелерді жаңғыртудан бастап корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару процестерін қайта құруға дейін біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді.

25 маусымда банктік лицензия алған және нарықта жұмыс істей бастаған БиЭнКей коммерциялық банкі 2025 жылы сәтті трансформацияның алғашқы үлгісі болды.

Меншікті капиталдың жоғары деңгейін, қаржылық орнықтылықты және белгіленген талаптарға толық сәйкестікті ескере отырып, Агенттік биыл 20 наурызда банкке айналдыру нысанында KMF-ті ерікті түрде қайта құруға ресми рұқсат берді.

Әрі қарай KMF бекітілген жоспарға сәйкес: ішкі инфрақұрылымды жаңғырту, болашақ банктің үй-жайларын дайындау, автоматтандырылған банктік шешімдерді іске қосуды қоса алғанда, заманауи ақпараттық жүйелерді енгізу, сондай-ақ басшы құрамды жалдау және Агенттікпен келісу сияқты іс-шаралар кешенін іске асырды.

Бүгінгі күні KMF тарапынан банкке қойылатын қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестік қамтамасыз етіліп, корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі құжаттар әзірленді, ұлттық төлем жүйесіне және мемлекеттік дерекқорға қосылу қамтамасыз етілді, сондай-ақ Ұлттық Банктен банктік сәйкестендіру коды алынды.

Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша биыл 30 шілдеде Агенттік KMF-тің банкке айналдыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру туралы есебін бекітті және 1 тамызда микроқаржы ұйымын банк ретінде мемлекеттік қайта тіркеуді жүзеге асырды.

Бүгін біз Қазақстандағы 23-ші банкке айналатын KMF Банкке банктік лицензияны ресми түрде табыс етіп отырмыз. Жаңа банк құру – қаржы жүйесін дамытудағы кезекті қадам және кәсіпкерлік қоғамдастыққа банк қызметтеріне қолжетімділіктің кеңейетіні туралы маңызды белгі.

KMF Банк жеке және заңды тұлғалар үшін базалық банктік қызметтердің ауқымды түрлерін көрсетуді жоспарлап отыр, оның ішінде депозиттер қабылдау, шоттар ашу және жүргізу, банктік қарыздар беру, кассалық және аударым операцияларын жүргізу, шетел валютасын айырбастау, банктік кепілдіктер беру. Мұндай қызметтер жиынтығы жеке клиенттердің де, шағын және орта бизнестің де, оның ішінде аграрлық сектордың да қажеттіліктерін қамтуға мүмкіндік береді.

Біз KMF Банктің нарыққа шығуы:

  • тұтынушылар үшін, әсіресе банктік инфрақұрылымға қолжетімділігі шектеулі аймақтарда таңдау мүмкіндіктерін кеңейту;
  • бөлшек кредиттеу, шағын және орта бизнеске қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті күшейту;
  • цифрлық шешімдерді, икемді шарттарды және клиентке бағдарланған бизнес-модельді енгізу есебінен банк қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру;
  • нарықтық тетіктердің күшеюі және қаржыландырудың балама арналарының пайда болуы арқасында банктік қызмет көрсету құнының төмендеуі үшін айтарлықтай ынталандыру болады деп күтеміз.

 

Құрметті достар, әріптестер!

Бүгіннен бастап KMF Банкі Қазақстанның банк жүйесінің толыққанды қатысушысына айналады. Біз KMF Банкінің пайда болуы ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнестің дамуына қуатты серпін беретініне сенімдіміз.

Агенттік атынан KMF командасына, акционерлерге, кеңесшілерге және осы үдеріске қатысқандардың барлығына шынайы алғысымды білдіремін.

Сіздерді осы маңызды қадаммен құттықтаймын. Тұрақты өсім, инновациялық даму және клиенттердің сеніміне ие болуларыңызды тілеймін!

Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет.