ҚНРДА сақтандыру бойынша компанияларды қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Азиз Абылхасимның бонус-малус жүйесі жайлы пікірі:
"Әрбір міндетті автосақтандыру шартын жасасқан автокөлік иесіне «бонус-малус» жүйесі жақсы таныс. Бонус-малус — бұл сақтандыру төлемінің мөлшерін жүргізушінің жол-көлік оқиғаларына қатысу тарихына байланысты анықтауға мүмкіндік беретін жеңілдіктер мен үстемелер жүйесі (латынша «жақсы-жаман» деген мағына береді). Жол-көлік оқиғаларына қатыспайтын жүргізушілердің бонус-малус класы өсіп отырады, ал апатқа себепкер болған жағдайда төмендейді. Яғни, бонус-малус класы неғұрлым жоғары болса, сақтандыру соғұрлым арзан болады.
Автокөлікті сақтандыру кезінде бонус-малус жүйесі көптеген елдерде қолданылады. Оның басты мақсаты – жүргізушілерді ұқыпты көлік жүргізуге ынталандыру. Бұл рейтингтік жүйе жүргізушінің жеке тәуекелін ескере отырып, оның сақтандыру сыйақысын нақты тәуекел деңгейіне сәйкес анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда міндетті автосақтандыру шартын жасау кезінде сақтандыру сыйақысы мөлшерін есептеу үшін базалық сақтандыру сыйақысы (1,9 АЕК) алынады. Бұл мөлшерге көлік құралын тіркеу орны, түрі, пайдалану мерзімі, жүргізушінің жасы мен тәжірибесі, және бонус-малус класы қолданылады.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 27 желтоқсанда міндетті сақтандыру сыйақысын есептеу кезінде қолданылатын бонус-малус жүйесін жетілдіруге бағытталған Қаулы қабылдады.
Қаулы аясында бонус-малус жүйесі 15 кластан 18 класқа дейін кеңейтілді. «М1» және «М2» атты жаңа кластар енгізілді. Ал ұқыпты жүргізушілерге, яғни «13» класта 5 жылдан астам апатсыз жүрген тұлғаларға сақтандыру ұйымдары қосымша жеңілдіктер ұсынуға мүмкіндік алды.
Маңызды жаңалықтардың бірі – бонус-малус жүйесінде тек оқиғалардың саны ғана емес, келтірілген зиянның ауырлығы да ескерілетін болады. Мысалы, егер апат салдарынан келтірілген залал 200 АЕК-тен аспаса, келесі сақтандыру шартын жасау кезінде жүргізушіге қолданылатын үстеме азайтылады. Бұрын жүргізуші класы материалдық немесе адам өміріне зиян келтіргеніне қарамастан бірдей төмендейтін. Енді егер адам қаза тапса немесе жүргізуші мас күйінде болған жағдайда, оның класы ең төменгі – «М2» класына дейін түсіріледі.
Жаңа жүйеде жол жүру ережелерін сақтау де ескерілетін болады. Егер жүргізуші жол апатына себепкер болса және жол ережесін 3 немесе одан көп мәрте бұзса, келесі сақтандыру шарты бойынша оның бонус-малус класы қосымша 1 класқа төмендетіледі.
Жаңа бонус-малус жүйесі енді сақтанушының немесе сақтандырылған тұлғаның қатысуымен, еңбек немесе басқа да шарт негізінде көлік құралын басқаратын жүргізушілерге де қолданылады (мысалы, каршеринг). Бонус малус жүйесіне өзгерістер жеке жүргізушілер класына қатысты шығындылықты талдау негізінде және озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып енгізілді".