Бақылау белгілерін, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің, ұйымның капиталына қомақты қатысу белгілерін анықтау туралы

Бақылау белгілерін, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің, ұйымның капиталына қомақты қатысу белгілерін анықтау туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы
2026 жылғы 7 сәуірде «Бақылау белгілерін, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің, ұйымның капиталына қомақты қатысу белгілерін анықтау қағидаларын бекіту және «Бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп заңды тұлғаның шешімдерін басқаша айқындау мүмкіндігінің болу жағдайын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 шілдедегі № 113 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» №56 қаулыны қабылдады.

Қаулы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 9-бабының 12-тармағында және «Сақтандыру қызметі туралы» Заңның 3-бабының 3) тармақшасында көзделген ережелерді іске асыру мақсатында әзірленді.

Қаулыда бақылау белгілерін, банктің, банк холдингінің ірі қатысушысының, ұйымның капиталына қомақты қатысу белгілерін белгілеу тәртібі айқындалған.

Ірі қатысушыны (банк холдингін) айқындау үшін банк қабылдайтын шешімдерге өзгеше түрде тікелей немесе жанама ықпал ету жағдайына кез келген жеңілдікті шарттарда осы банктің меншікті капиталының 10 пайызынан (банк холдингі үшін 25 пайыздан) асатын мөлшерде банкке қаржыландыру беру жағдайы жатқызылған.

Банктің шешімдеріне өзгеше түрде бірлескен ықпалды айқындау үшін қаулыда мынадай жағдайлар белгіленген:

1) күнтізбелік 90 күн ішінде екі және одан да көп тұлғаның бір тұлғадан жиынтығында банктің дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп (банк холдингі үшін 25 және одан да көп) пайызын сатып алуы (ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында сатып алу жағдайларын қоспағанда);

2) екі және одан да көп тұлғаның банктің дауыс беретін акцияларының жиынтығында 10 және одан да көп пайызын (банк холдингі үшін 25 және одан да көп) бір тұлғадан сенімгерлік басқаруға 12 күнтізбелік ай ішінде алуы (дауыс беретін акцияларды сенімгерлік басқаруға қабылдайтын тұлғалардың бірі банктің ірі қатысушысы (банк холдингі) болып табылатын жағдайларды қоспағанда).

Бақылаудың қосымша белгісін белгілеу мақсаттары үшін бір заңды тұлға лауазымды тұлғасы (тәуелсіз директорды қоспағанда) және (немесе) ірі акционері қаржыландырушы тұлғаның лауазымды тұлғасы және (немесе) басшы қызметкері болып табылатын басқа тұлғаны (бақыланатын) бақыланатын ұйымның меншікті капиталынан асатын мөлшерде қаржыландыратын жағдай айқындалған.

Сондай-ақ, оның ережелері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ғана қолданылу үшін «Бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп заңды тұлғаның шешімдерін басқаша айқындау мүмкіндігінің болу жағдайын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 шілдедегі № 113 қаулысына өзгерістер енгізілді.

Ұйымның капиталына қомақты қатысу белгісін белгілеу мақсатында қаулыда бір тұлғаның бақылауындағы екі және одан да көп банк жиынтығында дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не бір ұйымда үлестік қатысудың басқа да нысандарының жиынтығында 20 және одан да көп пайызын иеленетін жағдай айқындалды.

Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz