Зейнетақы активтерін басқару кезінде салымшылардың мүдделерін қорғауды күшейту бойынша шаралар туралы

Зейнетақы активтерін басқару кезінде салымшылардың мүдделерін қорғауды күшейту бойынша шаралар туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 20 наурыздағы №11 қаулыны қабылдады.

Құжат зейнетақы активтерін ашық басқаруды қамтамасыз етуге, жас өлшемшарттарын сақтауға және салымшылардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Қаулы БЖЗҚ мен басқарушы компанияларға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін инвестициялаудың түрлі стратегияларын қалыптастыру жөніндегі құқықты алуға байланысты талаптарды айқындайды.

Қаулыға сәйкес басқарушы компаниялар БЖЗҚ мен уәкілетті органды таңдалған инвестициялау стратегиясы туралы хабардар етуге міндетті. Бұдан басқа, теріс айырманы өтеуді қоса алғанда, барлық қолданыстағы міндеттемелерді ескере отырып, инвестициялық көкжиек (стратегияға байланысты 12, 36 немесе 60 ай) аяқталғаннан кейін ғана стратегияны өзгертуге немесе өз бастамасы бойынша шартты бұзуға құқылы.

Басқарушы компаниялар кірістіліктің ең төменгі деңгейін және тәуекелдің рұқсат етілген деңгейін ескере отырып, стратегияға байланысты шетел валютасындағы қаржы құралдарына 40%, 70% және 80% инвестициялау лимиттерін сақтауға міндетті.

Өз кезегінде БЖЗҚ жас шектеулерінің сақталуын бақылайды және егер салымшы таңдалған стратегия үшін шекті жасқа жеткен болса, активтерді беруден бас тартады.

Сонымен қатар, салымшы зейнеткерлік жас шегіне жеткен кезде оның тарапынан ешқандай әрекет жасалмаса, БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарушы компаниядан Ұлттық Банкке автоматты түрде қайтарады.

Құжаттың толық мәтінімен Агенттік сайтында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz