
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 20.03. 2026 жылғы №13 «Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы» қаулыны (бұдан әрі – Қағида) қабылдады.
Қаулы Банктер және банк қызметі туралы жаңа Заңның күшіне енуіне байланысты қолданыстағы қағидаларды қайта бекітеді.
Қағида Қорғаныс министрлігі, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, МҚҰ, коллекторлық агенттіктер және кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтер алмасу тәртібін айқындайды.
Ақпарат алмасу банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды уақтылы ұсынуды, сондай-ақ жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызметті өткергені не оның әскери қызметтен босатылуы туралы мәліметтерді көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажет.
Сондай-ақ, құжатта кредит алуға әскери қызметке шақыру жасындағы жеке тұлғадан өтінім түскен кезде банктер мен МҚҰ-ның кредиттік есепте оның мәртебесіне тексеру жүргізу міндеті белгіленеді. Ол мерзімді әскери қызмет өткеруі туралы мәліметтер болған жағдайда кредитор қарыз беруден бас тартуға міндетті болады.
Аталған нормалар мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтардың борыш жүктемесіне жол бермеуге, сондай-ақ кейінге қалдыруды беруді ескере отырып, қолданыстағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттік сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы