Қаржылық алаяқтықты анықтау және оған қарсы іс-қимыл бойынша талаптар күшейтілді: онлайн-микрокредиттер беру кезінде антифрод-жүйелерді енгізу

Қаржылық алаяқтықты анықтау және оған қарсы іс-қимыл бойынша талаптар күшейтілді: онлайн-микрокредиттер беру кезінде антифрод-жүйелерді енгізу

Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 29 тамыздағы №53 қаулысымен «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы №217 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қаулыда:

тәуекелдерді талдау мен бағалауды, клиенттердің шағымдарын қарауды, күдікті операцияларға ішкі тергеу жүргізуді, тәуекелдерді есепке алуды жүргізуді және оларды азайту жөніндегі шараларды әзірлеуді қоса алғанда, алаяқтықты анықтау және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі міндетті ішкі рәсімдерді енгізу;

алаяқтықты уақтылы анықтау және алдын алу, тұтынушыларды қорғау және антифрод орталығымен ақпарат алмасу үшін антифрод-жүйелерінің міндетті болуы;

тұтынушылық кепілсіз микрокредиттердің онлайн-шарттарын жасау кезінде «шешім қабылдау кезеңін» белгілеу көзделеді: кемінде 24 сағат — 75 АЕК-тен жоғары онлайн-микрокредиттер беру кезінде, сондай-ақ қарыз алушы бір күн ішінде жалпы сомасы осы лимиттен асатын бірнеше микрокредиттер алған кезде. Ақшаны аудару көрсетілген мерзім өткеннен кейін және қарыз алушының келісімі расталғаннан кейін ғана жүргізіледі.

Көрсетілген талаптар тауарлық микрокредиттерге және ішкі қайта қаржыландыруға қолданылмайды.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асыру үшін қабылданды.

Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

 

Cыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz