Микрокредиттер берудің, ақпаратты жария етудің және микроқаржы ұйымдары клиенттерінің жолданымдарын қараудың жаңа қағидалары бекітілді

Микрокредиттер берудің, ақпаратты жария етудің және микроқаржы ұйымдары клиенттерінің жолданымдарын қараудың жаңа қағидалары бекітілді

Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 51 қаулысымен Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттер беру, ақпаратты жария ету және клиенттердің микрокредиттер беру процесінде туындайтын жолданымдарын қарау қағидалары бекітілді.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асырудың шеңберінде қабылданды. 

Жаңа Қағидалар микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Атап айтқанда, микроқаржы ұйымдарының тұтынушылар үшін тәуекелдерді талдау, қызмет көрсету сапасын бағалау және клиенттердің жолданымдарын қарау рәсімдерін қамтамасыз ету міндеті белгіленеді. Көрсетілген рәсімдерді іске асыру мақсатында ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерді қоспағанда, микроқаржы ұйымдарында арнайы бөлімше құру не жауапты басшы адамды тағайындау көзделеді.

Сондай-ақ, шарт жасасқанға дейін микрокредиттердің талаптары туралы ақпаратты жария ету, микрокредиттер жарнамасының мазмұны, клиенттердің жолданымдарын қарау тәртібі және проблемалық берешекті реттеу жөніндегі талаптар бекітілген.

Банктік қызметтердің мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талаптар ғимараттар  мен үй-жайларды, өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғыларын бейімдеуді, сондай-ақ қызметкерлерді клиенттердің көрсетілген санатымен жұмыс істеуге дайындауды қамтиды.

Басқарма қаулысының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz