Дара кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсаттарға қарыз беру кезінде жұбайының (зайыбының) келісімін талап ету алып тасталды

Дара кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсаттарға қарыз беру кезінде жұбайының (зайыбының) келісімін талап ету алып тасталды

Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 50 қаулысымен «Жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын, жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 55 қаулысына өзгерістер енгізілді.

Қаулымен дара кәсіпкерге кәсіпкерлік мақсаттарға қарыз (микрокредит) беру кезінде қарыз алушы – жеке тұлғаның жұбайының (зайыбының) келісімін алу талабы алып тасталады.

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кепілсіз банктік қарыз (микрокредит) берілген жағдайда қарыз алушы – жеке тұлғаның жұбайының (зайыбының) келісімін алу туралы заңнамалық талап қолданылғанын еске саламыз:

жеке тұлғаға 1000 АЕК-тен астам сомаға (норма сақталады);

дара кәсіпкерге 2700 АЕК-тен астам сомаға (талап алынып тасталады).

Бұл ретте қолданыстағы кредиттер мен микрокредиттерді қайта қаржыландыру мақсатында қарыздар (микрокредиттер) беру кезінде келісім алу талап етілмейді.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асыру үшін қабылданды.

Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz