Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 6 тамыздағы № 50 қаулысына өзгерістер (бұдан әрі – Жоба) әзірледі.
Жоба 2025 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді. Аталған Заңда оның ішінде мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге олар мерзімді әскери қызмет өткерген кезеңде банктік қарыздар, микрокредиттер беруге тыйым салу көзделген.
Жобада мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер туралы мәліметтерді жеке тұлғаның кредиттік есебінде көрсету үшін Қорғаныс министрлігінен кредиттік бюроларға беру тәртібі регламенттеледі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары шақыру жасындағы жеке тұлғаның кредиталуға өтінімі бойынша клиенттің мәртебесін оның кредиттік есебінде тексеруді жүргізеді және ол мерзімді әскери қызмет өткергені туралы мәліметтер болған жағдайда кредит беруден бас тартады.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы