Сақтандыру секторының дамуына ықпал ететін негізгі факторлар аталды

Сақтандыру секторының дамуына ықпал ететін негізгі факторлар аталды

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде сақтандыру секторының дамуының негізгі бағыттарына арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шарада ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева баяндама жасады.

М. Хаджиева өз сөзінде сақтандыру секторының тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті: 2024 жылы сақтандыру компанияларының активтері 25%-ға артып, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Сақтандыру сыйлықақылары 51%-ға, ал төлемдер 22%-ға өскен.

Саланың негізгі дамытушы факторлары ретінде ерікті сақтандыру өнімдерінің аясын кеңейту, міндетті сақтандыру шарттарын жақсарту, цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ сақтандыру нарығы инфрақұрылымын жетілдіру аталды.

Атап айтқанда, 2024 жылдан бастап «Келешек» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында жасалған сақтандыру және салым шарттары бойынша мемлекет тарапынан бастапқы капитал аударуды көздейді.

Міндетті еңбек жарақаттарынан сақтандыру саласында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға ай сайын 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде зейтке шығар алдындағы төлемдер енгізілді. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған алдын алу шараларын жүргізуге төлемдер қарастырылған. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Бұл жүйе науқастар мен медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға бағытталған.

Цифрлық құралдарды дамытуға ерекше назар аударылды. 2024 жылы алғашқы цифрлық сақтандыру өнімі – «Еурохаттама» іске қосылды. Бұл қызмет жүргізушілерге шағын жол-көлік оқиғалары кезінде полиция шақырмай-ақ сақтандыру төлемдерін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Жеңілдетілген тәртіппен 15,2 мың жағдай бойынша 2,8 млрд теңге төленіп, өтемақы алу мерзімі бірнеше айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ, тұтынушылар үшін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының сайтында сақтандыру өнімдерін салыстырып, полистердің құнын есептеуге мүмкіндік беретін онлайн-сервис қолжетімді болды.

2024 жылдың басынан бастап сақтандыру омбудсманы арқылы дауларды сотқа дейінгі міндетті реттеу рәсімі енгізілді. Азаматтарды жинақтық сақтандыру өнімдерін пайдалануға ынталандыру мақсатында өмірді жинақтап сақтандырудың барлық түрлеріне Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігін кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, сақтандырудың бірыңғай деректер базасы негізінде тәуекелдерді талдау мен болжаумен айналысатын актуарлық орталық құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл сақтандыру жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.

Аталған шаралардың барлығы сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға, нарықтың ашықтығы мен тұрақтылығын нығайтуға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

 press@finreg.kz