Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылы 11 банкті қадағалап стресс-тестілеуді (ҚСТ) өткізді. Олар барлық активтердің 85%-ын және елдің банк секторының жиынтық кредиттік портфелінің 86%-ын құрайды.
Қадағалап стресс-тестілеуді өткізу қорытындысы бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік деңгейі 15,0%-ды құрады, бұл белгіленген ең төменгі шекті мәннен 5,5%-ға артық (буферлерді есепке алмағанда).
Банктер капиталының жеткіліктілігіне кредиттік және нарықтық тәуекелдер айтарлықтай әсер етті. Кредиттік тәуекелдің әсерінен капитал 5,8 пайыздық тармаққа, ал нарықтық тәуекел қосымша 3,2 пайыздық тармаққа төмендеді.
Әсіресе, 2024 жылы негізінен күтілетін пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты нарықтық тәуекел ықпалының күшеюі байқалды. Осыған қарамастан, аталған шығындар ішінара банктердің таза пайыздық және пайыздық емес кірістерімен 7,4 пайыздық тармаққа теңестіріледі.
Қолайсыз экономикалық орта жағдайында да банктердің капиталдандыру деңгейі реттеуші белгілеген нормативтерден айтарлықтай жоғары болып қалатынын атап өткен жөн.
2024 жылғы ҚСТ бойынша толық есеп Агенттіктің сайтында қолжетімді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы