Депутаттар тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша түзетулерді мақұлдады

Депутаттар тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша түзетулерді мақұлдады

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, банк секторындағы бәсекелестікті арттыруға және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған.

Түзетулер блогы Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері үшін рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады.

Сонымен бірге заң жобасында шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі.

Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіледі. Филиалдарға шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялар рұқсат етіледі.

Басшы қызметкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру шеңберінде банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талап алып тасталады, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеру ұсынылады.

Сонымен бірге заң жобасына қосымша түзетулер енгізілді:

1) сомасы Агенттіктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген сомадан асатын тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар бойынша «шешім қабылдау» кезеңі (24 сағат) енгізіледі;

2) кредит алуға алғаш рет жүгінген азаматтардың банк бөлімшесінде немесе микроқаржы ұйымында міндетті түрде жеке қатысуы бойынша талап енгізіледі;

3) азаматтардың жекелеген санаттарынан «электрондық үкімет» порталы арқылы ресімделген келісімін алғаннан кейін ғана оларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беру жөніндегі талап енгізіледі;

4) алаяқтық кредиттерді есептен шығару үшін негіздер кеңейтіледі;

5) Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына қатысушылардың функционалы мен құрамы кеңейтіледі;

6) алаяқтық белгілері бар транзакциялар анықталған кезде банктердің банктік шот/электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі;

7) банк немесе оның контрагенті Антифрод-орталықтың базасында («қара тізім») болса, банктерге операцияларды қабылдамау және клиентке қызмет көрсетуді шектеу жөніндегі өкілеттіктер беріледі.

Сондай-ақ депутаттардың бастамасы бойынша Заң жобасына төмендегідей ережелерді көздейтін түзетулер енгізілді:

1) мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне әскери қызметшілерге қарыздар беруге тыйым салуды енгізу;

2) төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға қайырымдылық көмекті үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғау.

Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мақсатында, Заң жобасына мынадай түзетулер енгізілді:

1) 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банктік қарыз (микрокредит) шарттары бойынша соттан тыс банкроттық рәсімдері қолданылғанға дейін кредитор алдындағы берешекті міндетті түрде  реттеу туралы талапты алып тастау;

2) банкрот деп танылған қарыз алушылар туралы мәліметтер кредиттік бюроларға Кредиттік бюролар туралы заңда айқындалған тәртіппен ұсынылмаған қарыз алушыларға қатысты кредиторлар алдындағы міндеттемелерді есептен шығару.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін Заң жобасына мыналарды көздейтін түзетулер енгізілді:

1) Қазақстан Республикасының және (немесе) Астана халықаралық қаржы орталығының аумағында орналастырылатын эмиссиялық бағалы қағаздар шет мемлекеттің аумағында сатылған кезде олардың көлемін ұлғайту;

2) Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығына «кәсіби ұйым» мәртебесін беру және туынды қаржы құралдары бойынша мәмілелер жасау мақсатында Бас қаржылық келісімді әзірлеу үшін өкілеттіктер беру;

3) орталық депозитарийге кастодиандық қызметті жүзеге асыру құқығын беру.

Үкіметтің бастамасы бойынша Заң жобасына мынадай ережелерді көздейтін түзетулер енгізілді:

1) банктер мен банк холдингтерінің қызмет түрлерін кеңейту және олардың қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына қатысу мүмкіндігі;

2) кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтермен трансшекаралық алмасу тетігі, тәртібі, шарттары;

3) Ұлттық Банк пен Агенттіктің макропруденциялық саясат саласындағы функциялары мен міндеттерін нақтылау.

Осыған дейін Заң жобасы Парламент Мәжілісінің 2024 жылғы 16 қазандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz