Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін жетілдіру туралы

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін жетілдіру туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) 2025 жылғы 20 наурызда Агенттік Басқармасының «Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидаларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 22 қарашадағы № 94 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» № 12 қаулысының (бұдан әрі – Қаулы) қабылданғанын хабарлайды.

Қаулы «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу бөлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы ҚР Заңын іске асыру үшін әзірленді.

«Келешек» бағдарламасының енгізілуіне байланысты Қаулымен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі – МБЖЖ) шеңберінде сақтандыру шарттары бойынша есептік соманы айқындау тәртібі нақтыланады.

Енді жинақ сомасы мемлекеттің біржолғы бастапқы білім беру капиталымен толықтырылады (барлығы үшін 60 АЕК, жетім балалар үшін 120 АЕК), ол да инвестицияланады және инвестициялық кіріс есептеледі. Бұл білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін жинақтардың жалпы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді және тиісінше, МБЖЖ қатысушылары үшін жағдайларды жақсартады.

Қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 27 наурызда № 35858 болып тіркелді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Келешек» – бұл жоғары, техникалық және кәсіптік білімді қоса алғанда, елде және шетелде білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін пайдалануға болатын Қазақстанның 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалары үшін қаражат жинақтауға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламасы.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарынан шыққан балалар үшін кемінде 12 АЕК және қалған балалар үшін 24 АЕК мөлшерінде ата-аналардың жыл сайынғы ең төменгі жарнасы бағдарламаның міндетті талабы болып табылады.

 Сыртқы коммуникациялар басқармасы

 press@finreg.kz